МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ АРАЛАСУЫНАН КЕЙІН ҚОСЫМША ЕСЕПТЕЛГЕН СОМА 25 ЕСЕДЕН АСТАМҒА ТӨМЕНДЕТІЛДІ
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының қызметінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерін анықтады.
Тексеру нарық субъектілерінің өтініші негізінде жүргізілді. Тексеру барысында филиалдың әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілері анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша филиалдың атына анықталған бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы хабарлама жолданды. Хабарламада тауарлық газды пайдалану қағидаларын бұзу туралы актіде көрсетілген соңғы тексеру күні негізінде қосымша есептеу кезеңін айқындап, қосымша есептелген соманы қайта есептеу міндеттелді.
Хабарлама талаптарын орындау барысында қосымша есептеу кезеңі 2026 жылғы 26 қаңтар мен 27 қаңтар аралығы, яғни бір тәулік ретінде айқындалды.
Нәтижесінде қайта есептеу жүргізіліп, тауарлық газды пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін қосымша есептелген сома 4,7 млн теңгеден 181 454 теңгеге дейін төмендетілді. Бұл бастапқы есептелген сомамен салыстырғанда 25 еседен астамға аз.