ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ЕКІ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ТАҒАЙЫНДАЛЫП, СЕГІЗ ТАУАР НАРЫҒЫНА ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ЕКІ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ТАҒАЙЫНДАЛЫП, СЕГІЗ ТАУАР НАРЫҒЫНА ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Дастан Сәмен 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы баяндады.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Департамент бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері бойынша екі тергеп-тексеруді тағайындады. Бірінші тергеп-тексеру облыс орталығы көшелері мен ортақ пайдаланылатын орындарды ағымдағы күтіп-ұстау (абаттандыру) жұмыстарын мемлекеттік сатып алу шеңберінде жүргізу кезінде бәсекелестікке қарсы келісімдер жасау белгілері бойынша (Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 169-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшалары) Қостанай облысының бір топ заңды тұлғасына қатысты («Конгломерат.KZ» ЖШС, «Таза жол АТ» ЖШС, «Капитал групп союз» ЖШС, «АБЗ плюс» ЖШС және «ДК-Мақсат» ЖШС) жүргізілуде.

Екінші тергеп-тексеру «СеКО ПЛЮС» ЖШС-не қатысты тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету кезінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұру арқылы үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша (Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 1-бөлігі) тағайындалды.

Қазіргі уақытта аталған тергеп-тексерулер жалғасуда. Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылғанын растайтын немесе жоққа шығаратын нақты деректерді жинауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Егер заң бұзушылықтар расталған жағдайда, монополияға қарсы орган айналым көлемінің 3–5 пайызы мөлшерінде айыппұл салуды және монополиялық кірісті тәркілеуді қоса алғанда, заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдайды.

Есепті кезеңде тергеп-тексеруге кедергі келтіргені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 162-бабы бойынша екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Істерді сотта қарау туралы өтінішхаттардың берілуіне байланысты әкімшілік өндірістер барлық материалдарымен бірге сотқа жолданды. Соттың шешімімен екі кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 162-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 432 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Департамент бірінші жартыжылдықта әртүрлі тауар нарықтарындағы жағдайды зерделеу нәтижесінде бірқатар субъектілерге хабарламалар жолдады.

Атап айтқанда, «КТЭК» МКК-ға Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 10) тармақшасының талаптарын бұзу белгілері бойынша хабарлама жолданды. Хабарлама екінші деңгейдегі банктерге төлемдерді қабылдау жөнінде шарттар жасасу туралы ұсыныстар жолдау арқылы орындалды.

Сондай-ақ «Kostexport» ЖШС-не Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 2) тармақшасын бұзу, яғни қантты көтерме саудада өткізу кезінде объективті негіздерсіз нарық субъектілерімен немесе тұтынушылармен жасалған мәндес келісімдерге әртүрлі бағалар қолдану арқылы үстем (монополиялық) жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша хабарлама жолданды. Серіктестік хабарламаны толық көлемде орындап, оның ішінде баға белгілеуді реттеу туралы ішкі бұйрық шығарды.

Есепті кезеңде мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін ұйымдардың бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтауына қатысты екі мониторинг жүргізілді. Олар: «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және Қостанай облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалы. Мониторинг нәтижелері бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері анықталған жоқ.

Сонымен қатар, 2025 жылы жүргізілген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сот ұсынған кейінге қалдыру мерзімін ескере отырып, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ 2,8 млн теңге мөлшеріндегі айыппұлдың қалған бөлігін және 5,4 млн теңге көлеміндегі монополиялық кірістің қалған сомасын төледі.

Департамент тауар нарықтарындағы жағдайды зерделеу, бәсекелестіктің даму деңгейіне бағалау жүргізу және қолданыстағы кедергілерді жою мен бәсекелестікті одан әрі дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеу жұмыстарын тұрақты негізде жүргізуде. Есепті кезеңде сегіз тауар нарығына бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілді. Атап айтқанда, қантты көтерме саудада өткізу, кинопрокат қызметтері, авиациялық отынды көтерме және бөлшек саудада өткізу, көшелер мен ортақ пайдаланылатын орындарды ағымдағы күтіп-ұстау, табиғи монополия субъектілерінің өзге де қызметтері мен жұмыстары (реттеліп көрсетілетін қызметтермен технологиялық байланысты жұмыстарды қоса алғанда), Рудный қаласы шегіндегі тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ қысқы және жазғы дизель отынын, АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинді бөлшек саудада өткізу нарықтары зерделенді.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, зерделенген тауар нарықтарының басым бөлігі жоғары шоғырланған және оларда бәсекелестіктің даму деңгейі төмен. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға бәсекелестікті дамыту бойынша үш ұсыным жолданып, олар қабылданып, ескерілді. Сонымен қатар дәрілік заттар айналымы нарығында қызметін жүзеге асыратын субъектімен бір сыртқы монополияға қарсы комплаенс актісі жасалды.

Департамент жанынан нарыққа кіру және шығу кедергілерін жою жөніндегі Кеңес жұмыс істейді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Кеңестің алты отырысы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша бір кедергі Республикалық кедергілер картасына енгізілсе, электрмен жабдықтау нарығындағы бір кедергі жойылды.

Мемлекеттің экономикадағы қатысуын төмендету бағыты бойынша Департамент мемлекеттік кәсіпорындардың монополияға қарсы органның келісімінсіз жүзеге асырылатын қызмет түрлеріне мониторинг жүргізуде. Мониторинг қорытындысы бойынша «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға келісілмеген қызмет түрлерін жүзеге асырғаны үшін нұсқама енгізілді. Қоғам нұсқаманы келісім алу туралы өтінішхат жолдау арқылы орындады.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы орган Департаменттің мемлекеттік кәсіпорындар мен жарғылық капиталындағы акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі үш заңды тұлғаны қысқарту жөніндегі ұсыныстарын қабылдады. Сондай-ақ Департаменттің ұсынысы негізінде екі мемлекеттік кәсіпорын жекешелендірілді.

Есепті кезеңде бәсекелестікке әсерді бағалау жүргізу қажеттілігі тұрғысынан бір нормативтік құқықтық актінің жобасы қаралды. Сонымен қатар ұқсас тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өндіретін жекеше кәсіпкерлік субъектілерінің жоқ екендігі туралы монополияға қарсы органның қорытындысын беру жөніндегі жеті өтінішхат қаралды. Оның ішінде екеуі бойынша бас тартылып, бесеуі бойынша келісім берілді.