ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДА ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Найманова 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындыларын айтып берді.
Департаменттің қызметі өңірдегі бәсекелестік ортаны дамытуға және қорғауға бағытталған. Есепті кезеңде бірқатар маңызды бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Департамент Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуына байланысты айран мен сүтті көтерме саудада өткізу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде «Жетісу Сүт» ЖШС-нің сүт өнімдерін өткізу кезінде және «Ақ-Бұлақ Продукт» ЖШС-нің жұмсақ қаптамадағы айранды өткізу кезінде жекелеген тұтынушыларға әртүрлі шарттар қолданғаны анықталды.
Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының талаптарына қайшы келеді. Осыған байланысты Департамент аталған серіктестіктерге хабарлама жолдап, нәтижесінде шарттардың талаптары қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтірілді.
Есепті кезеңде Департамент 41 мемлекеттік кәсіпорынға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 20 мемлекеттік кәсіпорынға нұсқама жолданды. Барлық нұсқамалар орындалды.
Сонымен қатар Департамент мемлекеттік қолдау шараларын ұсынатын төрт нарық субъектісінің қызметіне мониторинг жүргізді.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 192-бабына сәйкес Департамент 24 өтінішхатты қарады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуда бәсекелестік негізде сатып алу мәселелері бойынша қорытынды берілді. Осы бағытта Департамент 9 өтінішті қарап, оның 2-ін қолдады, ал 7 өтініш қолдау таппады. Жалпы заңды тұлғалардан 31 өтініш келіп түсті.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Департамент 10 тауар нарығына талдау жүргізді. Оның ішінде азық-түлік өнімдері нарығы, кино көрсету қызметтері нарығы және авиациялық отын өткізу нарығы қамтылды.
Есепті кезеңде Кедергілер жөніндегі кеңестің 6 отырысы өтті. Отырыстар барысында 6 кедергі анықталып, оның 2-і жойылды.
Атап айтқанда, тауар биржалары арқылы міндетті сатуға жататын картоптың жеткізілім партиясының ең аз мөлшерін реттеу нарығындағы кедергі қаралды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің №142 бұйрығымен бекітілген биржалық тауарлар тізбесінде «жаңа піскен немесе тоңазытылған картоп» тауарын жеткізу партиясының ең аз мөлшері 60 тонна болып белгіленген. Осы көлемнен асқан жағдайда тауарды сату тек тауар биржасы арқылы жүзеге асырылуға тиіс болатын.
Аталған кедергі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің №148 бұйрығымен жойылып, картоп жеткізілім партиясының ең аз мөлшері 60 тоннадан 1000 тоннаға дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ Кедергілер жөніндегі кеңестің отырысында қант сату саласындағы проблема қаралды.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығына сәйкес, тауар биржасында жасалған мәмілелер бойынша биржалық тауарларды төлеу және жеткізу сатып алушы шарт сомасын толық төлеген жағдайда, контрагенттің шарт талаптарын орындауына кепілдік беру функциясын өзіне алатын тауар биржасының клирингтік орталығы арқылы жүзеге асырылатын.
Аталған бұйрыққа енгізілген түзетулерге сәйкес биржалық қамтамасыз ету мөлшері болжамды мәміле сомасының 5 пайызынан 1 пайызына дейін төмендетілді.
Сонымен қатар Департамент бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнама нормаларына сәйкестігін айқындау мақсатында биыл комплаенстің 8 сыртқы актісін қарастырды.