ШҚО БОЙЫНША БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІ 2026 ЖЫЛДЫҢ АЛТЫ АЙЫНДАҒЫ ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

ШҚО БОЙЫНША БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІ 2026 ЖЫЛДЫҢ АЛТЫ АЙЫНДАҒЫ ЖҰМЫС ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Аслан Әліппаев 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын шығарды.

Есепті кезеңде Департаменттің қызметі үш негізгі бағытқа шоғырландырылды: тауар нарықтарының жай-күйін талдау, бәсекелестікті қорғау және дамыту, сондай-ақ бизнесті дамытуға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою.

Бәсекелестіктің жай-күйін зерделеу шеңберінде 11 тауар нарығына талдау жүргізілді, оның ішінде 3 жоспарлы және 8 жоспардан тыс талдау жүзеге асырылды. Талдаулар отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен және кино көрсету қызметтері нарықтарын қамтыды. Нәтижесінде облыстың бірқатар аудандарында бәсекелестік деңгейінің төмен екендігі, нарықтағы кедергілер мен проблемалық мәселелер анықталып, өңірдегі бәсекелестік ортаны және бизнес-климатты жақсартуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Қазіргі уақытта дәрілік заттарды, сүт және сүт өнімдерін өткізу, сымды тіркелген байланыс қызметтері және теміржол көлігі қызметтері нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілуде.

Есепті кезеңде Департамент нарық субъектілері мен мемлекеттік органдардың әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің болуына байланысты 6 хабарлама енгізді. Олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтер көрсету, сұйытылған мұнай газын бөлу, лифтілерге техникалық қызмет көрсету, қантты көтерме саудада өткізу, сондай-ақ электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйелерін қабылдау (пломбалау) және автоматтандыру нарықтарына қатысты болды.

Оның ішінде 5 хабарлама нарық субъектілерінің үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша, атап айтқанда объективті себептерсіз тең мәнді келісімдерге әртүрлі бағаларды қолдануына байланысты енгізілсе, 1 хабарлама мемлекеттік органның жекелеген нарық субъектілеріне артықшылықтар беру арқылы оларды бәсекелестеріне қарағанда басым жағдайға қою белгілері бойынша енгізілді.

Бүгінгі күні 5 хабарлама толық көлемде орындалды, 1 хабарлама орындалу сатысында.

Департамент тұрақты негізде мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметіне олардың монополияға қарсы органның келісімінсіз жүзеге асырылатын қызмет түрлерін анықтау мақсатында мониторинг жүргізіп келеді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында квазимемлекеттік сектордың 28 субъектісінің қызметіне мониторинг жүргізілді. Олардың қатарында «Ертіс» ӘКК» АҚ, «Өскемен әуежайы» АҚ, ветеринария, білім беру және мәдениет ұйымдары бар. Мониторинг нәтижесінде Кәсіпкерлік кодекстің 192-бабы 4-тармағы талаптарының бұзылуына байланысты, яғни монополияға қарсы органның келісімінсіз қызмет түрлерін жүзеге асырғаны үшін 8 нұсқама енгізілді.

Сонымен қатар, бекітілген кестеге сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын көрсететін екі мемлекеттік мекеменің – Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына заңнама талаптарына сәйкес Өңірлік үйлестіру кеңесінің құрамын сәйкестендіру арқылы бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдау туралы нұсқама енгізіліп, ол толық орындалды.

Жалпы есепті кезеңде Департамент 9 нұсқама енгізді, оның 7-еуі орындалды.

Есепті кезеңде кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау және жою жұмыстарына да ерекше назар аударылды. Департамент жанындағы Нарықтарға кіру және олардан шығу кедергілерін жою жөніндегі кеңестің 5 отырысы өткізілді.

Отырыстардың қорытындысы бойынша сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде бөлуге қатысты бір кедергі жергілікті деңгейде жойылды. Электр беру желілерінің аспалары мен электр энергиясын есепке алу аспаптарын өткізуге қатысты екі мәселе қаралуда. Тағы екі мәселе нарыққа кіру немесе шығу кедергісі ретінде танылған жоқ.

Департамент алдағы уақытта да өңірдегі бәсекелестік ортаны дамыту, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.