ЖАМБЫЛДАҒЫ БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІ 2026 ЖЫЛДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

ЖАМБЫЛДАҒЫ БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІ 2026 ЖЫЛДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Әзімов бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

Департамент монополияға қарсы ден қою шаралары аясында жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерінің жолын кесті. Нақты айтсақ, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан нарық субъектілері арасында сұйытылған мұнай газын бөлу кезінде бәсекелестікке қарсы іс-қимылдарға жол берілгені анықталып, Департамент тарапынан қайта есептеу жүргізу және заң бұзушылық белгілерін жою мақсатында тиісті хабарлама жолданды. Хабарлама толығымен орындалды.

Сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау бойынша конкурс өткізбестен белгілі бір кәсіпкермен тікелей келісімшарт жасалғаны анықталып, мемлекеттік мекемеге қатысты заң бұзушылық белгілерін жою туралы тиісті хабарлама жолданды. Нәтижесінде хабарлама толығымен орындалды, нарық субъектісімен жасалған келісімшарт біржақты бұзылып, мердігер мекемені айқындау мақсатында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкердің өтінішін қарау барысында электр энергиясына қол жеткізуді негізсіз шектеу фактісі бойынша Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты тергеп-тексеру жүргізілуде.

Үстем жағдайды теріс пайдалану фактісі бойынша 1 тергеп-тексеру аяқталды. Атап айтқанда, гипсокартонды көтерме саудада өткізу кезінде монополиялық жоғары баға белгілеп, ұстап тұру фактісі бойынша жеке кәсіпкер «Нуровқа» қатысты тергеп-тексеру аяқталды. Қорытындысы бойынша кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.

Бірінші жартыжылдықта агроөнеркәсіп кешені, отын-энергетика секторы және өзге де тауар нарықтары бойынша бәсекелестік жағдайына қатысты 5 талдау жүргізілді.

Сонымен қатар, Департамент 8 өтінішхат қарастырды. Оның ішінде жүзеге асырылатын қызмет түрлерін кеңейтуге келісім беру туралы 3 өтініштің 2-не келісім беріліп, 1-і қаралуда. Мемлекеттік кәсіпорын құру туралы 1 өтінішхатқа келісім берілді. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы туралы қорытынды беру жөніндегі 4 өтінішхаттың 3-і қанағаттандырылып, 1-не бас тартылды.

Мемлекеттік кәсіпорындар жүзеге асыратын қызмет түрлерін бәсекелестік заңнамасына сәйкестендіру бойынша 21 мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 12 мемлекеттік кәсіпорынға монополияға қарсы органның келісімін алмағаны үшін нұсқама енгізіліп, олардың жарғылары заңнама талаптарына сәйкестендірілді.

Департамент жанынан құрылған тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау және жою жөніндегі кеңес өз жұмысын тұрақты негізде жүргізуде. Кеңестің 4 отырысы өтіп, қорытындысы бойынша 2 кедергі анықталып, жойылды.

Қорытындылай келе, Департамент тарапынан бәсекелестікті қорғау және әділ нарықтық орта қалыптастыру бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.