ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ 2026 ЖЫЛДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҒЫНДАҒЫ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Шолпан Жұматаева 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындылары туралы баяндады.
Ағымдағы жылы 2024 жылы аяқталған «АрмСтрой» ЖШС мен «Райс KZ» ЖШС-не қатысты тергеп-тексеру бойынша сот процестері аяқталды. Тергеп-тексеруді тағайындауға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өткізген мемлекеттік сатып алулар кезінде сөз байласу белгілері бар екендігі туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің материалдары негіз болды.
Тергеп-тексеру барысында сатып алуға қатысушылардың бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттерінің белгілері анықталды. Нәтижесінде Департамент нұсқамалар енгізіп, әкімшілік хаттамалар жасады. «Райс KZ» ЖШС нұсқаманы орындаса, «АрмСтрой» ЖШС оған сот тәртібімен шағымданды. Нұсқаманың заңдылығы бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен расталды.
Сонымен қатар, «АрмСтрой» ЖШС монополиялық қызмет нәтижесінде алынған табыстың 3 пайызы мөлшерінде, яғни 17,2 млн теңге көлемінде айыппұл төлеу және 89,9 млн теңге мөлшеріндегі монополиялық табысты тәркілеу түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қазіргі уақытта сот қаулысына шағым берілген.
Сондай-ақ Департамент Теміртау қаласы әкімдігі аппаратына қатысты зират инфрақұрылымына нарық субъектілерінің қолжетімділігін шектеу белгілері бойынша тергеп-тексеруді бастады. Бұған азаматтың өтініші және әкімдіктің бұрын енгізілген хабарламаны заңда белгіленген мерзімде орындамауы негіз болды.
Бірінші жартыжылдықта Департамент 3 хабарлама шығарды:
«Жанатас KZ» ЖШС-не көлік инфрақұрылымы объектісіндегі коммерциялық алаңдарға тең емес қолжетімділік жасау арқылы үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша. Хабарлама толық көлемде орындалды;
«DOS S.S.S.» ЖШС-не объективті себептерсіз тең мәнді келісімдерге әртүрлі бағалар немесе әртүрлі талаптар қолдану белгілері бойынша. Хабарламаны орындау мерзімі әлі аяқталған жоқ;
Теміртау қаласы әкімдігі аппаратына әлеуметтік маңызы бар қызметтер нарығына қолжетімділікті шектеу белгілері бойынша. Хабарламаның орындалмауына байланысты тергеп-тексеру басталды.
Сонымен қатар, Департамент квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызмет түрлерін құру, кеңейту және өзгерту кезінде бәсекелестік заңнамасы талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізуде.
Есепті кезеңде 49 квазимемлекеттік сектор субъектісінің қызметіне мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 35 нұсқама енгізілді. Бүгінгі күні олардың 3-і орындалды, қалғандары бойынша орындау мерзімі әлі аяқталған жоқ.