ШЫМКЕНТТЕ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТАҒЫ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

ШЫМКЕНТТЕ МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТАҒЫ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ернар Қосбаев 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Есепті кезеңде Департамент 9 тауар нарығына талдау жүргізіп, 28 мемлекеттік кәсіпорынның қызметіне мониторинг жасады.

Мониторинг нәтижесінде мемлекеттік кәсіпорындардың қызметінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу белгілері анықталып, 5 мемлекеттік кәсіпорынға заң бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта заңнама талаптарын қатаң сақтау туралы нұсқама берілді.

Мемлекеттік кәсіпорындар және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, сондай-ақ олармен үлестес заңды тұлғалардың қызмет түрлерін кеңейтуге және (немесе) өзгертуге келісім беру мәселесі бойынша Департамент 8 өтінішхатты қарады.

Биыл қала тұрғындарынан келіп түскен өтініштер негізінде Департамент «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Шымкент өндірістік филиалына қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы талаптарын бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізуде. Атап айтқанда, тұтынушыларға тұрмыстық газды пайдалану қағидаларын бұзды деген негізсіз актілер толтыру және қайта есептеу (айыппұл есептеу) жүргізу арқылы үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактілері тексерілуде. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жалғасуда.

Сонымен қатар, «ASSAD GROUP» жеке кәсіпкеріне қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 177-бабы талаптарын бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде көрінеу жалған жарнамалық бейнероликтер жариялау және өткізілетін тауарларды нарықтың өзге субъектілерінің тауарларымен орынсыз салыстыру фактілері тексерілуде.

Жыл басынан бері Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілері бойынша 4 хабарлама шығарылды. Хабарламалардың басым бөлігі коммуналдық қызмет көрсететін монополист кәсіпорындардың үстем жағдайын теріс пайдалануына қатысты болды.

Атап айтқанда, «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС тұтынушыларға су беру қызметін көрсету кезінде су есептегіш құралдарының бес жылдық тексеру мерзімі туралы хабарлаумен қатар, өзінің қызмет көрсету саласына қатысы жоқ қосымша міндеттемелерді орындауды талап еткен.

Сондай-ақ, «Газ Продукт-ТОВДГО» ЖШС жеке шарт жасаспай және қызмет көрсетпей тұрып, үй ішілік газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету үшін тұтынушылардан төлем талап еткені анықталды. Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына қайшы келеді.