ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНА МҮШЕ ЕЛДЕРДІҢ БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖӨНІНДЕГІ ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ ӘЗЕРБАЙЖАНДА КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің делегациясы Агенттік Төрағасының орынбасары Б. Сәмбетовтың жетекшілігімен Әзербайжан Республикасы Президенті жанындағы монополияға қарсы бақылау және тұтыну нарығын қадағалау агенттігі ұйымдастырған Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің бәсекелестік ведомстволары басшыларының 3-ші отырысына қатысты.
ТМҰ Хатшылығы ұйымға мүше мемлекеттердің азық-түлік нарықтары мен ауыл шаруашылығы саласындағы бәсекелестіктің қазіргі жай-күйі туралы бірлескен есебін таныстырды. Сонымен қатар, монополияға қарсы реттеу және бәсекелестік саясат саласында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар бойынша баяндамалар ұсынылды.
Кездесуге қатысушылар ТМҰ аясындағы өңірлік ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бәсекелестік ведомстволары арасында секторалдық талдаулар шеңберіндегі бірлескен жұмысты жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Жұмысты жандандыру мақсатында келесі бағыттар бойынша жұмыс топтарын құру ұсынылды: картельдерге қарсы күрес, үстем жағдайды теріс пайдаланудың жолын кесу және экономикалық шоғырлануды реттеу. Сондай-ақ, ТМҰ-ға мүше мемлекеттер бәсекелестік ведомстволары басшыларының 4-отырысының негізгі тақырыбы ретінде қаржылық технологиялық реттеу және төлем жүйелері мәселелері айқындалды.
Отырыс қорытындысы бойынша ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің монополияға қарсы ведомстволары басшыларының 3-кездесуінің Коммюникесіне қол қойылды. Құжатта бәсекелестікті қорғау саласындағы өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, өңірлік өзара іс-қимылды тереңдетуге қолайлы жағдай жасау және ТМҰ-ға мүше мемлекеттерде бәсекелестік мәдениетін дамыту жөніндегі басымдықтар айқындалды.

