АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА СҰЙЫТЫЛҒАН МҰНАЙ ГАЗЫН БӨЛУ МӘСЕЛЕСІ БОЙЫНША МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Қазақстан Республикасы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілері бойынша «Атырау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-ге қатысты тергеп-тексеруді бастады.
Тергеп-тексеру сұйытылған мұнай газын бөлу және жеткізу жоспарын қалыптастыру кезінде жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекеттеріне жүргізілген талдау шеңберінде жүзеге асырылуда.
Бұған дейін Департамент Басқарманың атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолдаған болатын. Алайда белгіленген мерзімде хабарламаны орындау жөнінде тиісті шаралар қабылданбағандықтан, тергеп-тексеру бастауға негіз қалыптасты.
Қазіргі уақытта құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын растау немесе жоққа шығару мақсатында материалдарды жинау және талдау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, мынадай ықтимал фактілер тексерілуде:
- нарықтың жекелеген қатысушыларына артықшылықтар мен жеңілдіктер беру;
- жекелеген нарық субъектілері үшін артықшылықты жағдайлар жасау;
- бәсекелестерге қатысты кемсітушілік жағдайлар қалыптастыру.
Тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы 2-тармағының 9) тармақшасына сәйкес жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданатын болады.