ҚЫЗЫЛОРДАДА МЕТРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ НАРЫҒЫНДА БӘСЕКЕЛЕСТІК МӘСЕЛЕСІ РЕТТЕЛДІ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне метрологиялық қызметтерді тұтынушы кәсіпкерлік субъектісінен «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалының әрекеттеріне қатысты өтініш келіп түсті.
Өтінішті қарау барысында филиалдың метрологиялық құралдарды тексеру қызметтерін көрсету бойынша шарт жасасуға өтініш білдірген кәсіпкермен, қызмет көрсету мүмкіндігі бола тұра, негізсіз шарт жасасудан бас тартқаны анықталды.
Сонымен қатар, Департамент 2025 жыл мен 2026 жылдың бірінші тоқсаны аралығындағы кезең бойынша метрологиялық қызметтер нарығына талдау жүргізді. Нәтижесінде «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалының аталған нарықта үстем жағдайға ие екендігі белгіленді.
Жинақталған материалдар негізінде филиал әрекеттерінде бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілері анықталып, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес хабарлама шығарылды.
Қазіргі уақытта хабарлама толық көлемде орындалып, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қажетті шаралар қабылданды.