ҚЫЗЫЛОРДАДА БЕС БАЛАБАҚША БӘСЕКЕЛЕСТІК ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАНЫ БҰЗҒАН

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қаладағы бірқатар мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың қызметінде заң бұзушылықтарды анықтады.
Жоспарлы мониторинг барысында Қызылорда қаласындағы бес бөбекжай-бақша — «Жұлдыз», «Сыр шуағы», «Алтын ұя», «31 Алтын кілт» және «Алпамыс» — жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін заңсыз кеңейткені анықталды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар мен олармен үлестес тұлғалар қызмет түрлеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды монополияға қарсы органмен келісуге міндетті. Алайда аталған ұйымдар қажетті келісімді алмай-ақ өз жарғыларына тиісті өзгерістер енгізген.
Атап айтқанда, қызмет түрлерінің тізбесіне балалардың зияткерлік және тұлғалық дамуына, 5–6 жастағы балаларды мектепалды даярлауға, үйде тәрбиеленетін балалардың ата-аналарына консультациялық және әдістемелік көмек көрсетуге, сондай-ақ денсаулықты нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған қызметтер енгізілген.
Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 192-бабының талаптарын бұзады және жекеменшік секторға қатысты жосықсыз бәсекелестік тәуекелдерін туындатады.
Ұйымдардың атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуды тоқтату туралы нұсқамалар енгізілді. Қазіргі уақытта барлық нұсқамалар белгіленген мерзімде толық көлемде орындалды.