АҚТӨБЕДЕГІ БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ 2025 ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫСТЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Салават Вахитов 2025 жылғы қызмет қорытындыларын шығарып, өңірдегі антимонополиялық жұмыстың негізгі нәтижелерін атап өтті.
Маңызды бағыттардың бірі – Ақтөбе облысының білім басқармасына қатысты жүргізілген тергеп-тексеру болды. Талдау барысында білім беру гранттарын бөлу кезінде бәсекелестік заңнамасының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы білім басқармасына ведомстволық бағынысты кәсіпорынның пайдасына гранттарды бөлу туралы хат жолдаған. Соның салдарынан гранттардың бір бөлігі жеке білім беру ұйымының мүддесіне нұқсан келтіре отырып, мемлекеттік колледжге басымдықпен бөлінген. Бұл талапкерлердің еркін таңдау қағидатына және конкурс комиссиясының шешімдеріне қайшы келеді.
Конкурсты ұйымдастырушы ретінде білім басқармасына қатысты комиссия өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізілді. Іс материалдары Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабының 1-тармағы және 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген құқық бұзушылық белгілерін растады. Тергеу қорытындысы бойынша мемлекеттік органға бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жолданды. Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасына хабарлама беріліп, нәтижесінде даулы хат кері қайтарылды.
Қорытындылау барысында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ісіне де ерекше назар аударылды. 2025 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Департамент жүргізген монополияға қарсы тергеп-тексеру нәтижелерінің заңдылығы мен негізділігін растады. Компанияның контрагенттерге экономикалық тұрғыдан тиімсіз шарттарды таңу арқылы нарықтағы үстем жағдайын пайдаланғаны анықталды. Атап айтқанда, сұйытылған мұнай газын жеткізу шарттарында төлем мерзімі заңда рұқсат етілген бес жұмыс күнінің орнына үш банктік күннен аспайтын мерзімде белгіленген, ал бұл шарттармен келіспеген контрагенттерге өнім жеткізуден бас тартылған. Сондай-ақ шарттарға технологиялық тұрғыдан негізсіз талаптар енгізілген және техникалық мүмкіндік бола тұра, автокөлік арқылы жеткізу үшін СМГ өндірісі негізсіз шектелген.
Монополияға қарсы органның қорытындылары бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен, сондай-ақ Жоғарғы Сотпен дәйекті түрде қолдау тапты. Сот Қоғамды бәсекелестік заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі деп танып, 36 752 688 теңге мөлшерінде айыппұл салды. Нұсқаманы орындау шеңберінде СМГ-ның орташа тәуліктік өндірісі 114 тоннаға дейін арттырылды, тамыз айында автокөлік арқылы жөнелту көлемі 3 532 тоннаны құрады, сатып алушылармен жасалған шарттарға өзгерістер енгізілді.
Жалпы 2025 жылы Департамент тарапынан бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілеріне қатысты 3 хабарлама берілді (оның ішінде 2-еуі мемлекеттік органдарға, 1-еуі ірі нарық субъектісіне бағытталған). Жыл қорытындысы бойынша тергеп-тексерулер нәтижесінде 3 нұсқама, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындардың қызметін мониторингтеу қорытындысымен 5 нұсқама берілді, оның ішінде антимонополиялық органның келісімінсіз жүзеге асырылған қызмет түрлерін тоқтату жөніндегі талаптар бар.
2025 жылы барлығы 3 монополияға қарсы тергеп-тексеру аяқталды: екі ірі нарық субъектісіне және бір мемлекеттік органға қатысты. Барлық жағдайларда бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы заңнаманы бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, «Dina market» ЖШС-не қатысты тергеп-тексеру аяқталып, азық-түлік ритейлі нарығында үстем жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталды. Департамент шешімдері соттармен заңды деп танылып, бұзушылықтар жойылып, айыппұл толық төленді.
Бәсекелестік жағдайын бағалау мақсатында 14 тауар нарығына талдау жүргізілді. Олар білім беру, пошта қызметтері, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, авиаотын нарығы, жолаушылар вагондарын жөндеу және хром концентратын өткізу салаларын қамтыды.
Сондай-ақ экономиканың мемлекеттік қатысу үлесін төмендету бойынша жұмыс жалғастырылды. Ұлттық жекешелендіру офисінің талдауы нәтижесінде Ақтөбе облысының квазимемлекеттік секторындағы 25 субъектіні жекешелендіруге шығару тізбесі қалыптастырылды. Бұл тізбе Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 қазандағы № 894 қаулысымен бекітілді.
Есепті кезеңде қызмет түрлерін кеңейтуге қатысты 4 өтінішхат қаралды (оның 3-еуіне бас тартылып, 1-еуіне келісім берілді), мемлекеттік және аффилиирленген ұйымдардың қызметіне 117 мониторинг жүргізілді, сондай-ақ бәсекелестіктің жоқтығы туралы қорытынды беру бойынша 7 өтінішхат қаралды (оның 4-еуіне бас тартылып, 3-еуіне оң қорытынды берілді).
Департамент жанынан нарықтарға кіру және шығу жолындағы кедергілерді анықтау және жою жөніндегі Кеңес жұмысын жалғастыруда. 2025 жылы 6 отырыс өткізілді, оның қорытындысы бойынша азық-түлік бөлшек саудасы, құс еті нарығы, жеке газ құбырларына қосылу, дезинфекция қызметтерін лицензиялау және сұйытылған мұнай газын бөлу салаларындағы кедергілер анықталды. Бірқатар мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар жолданды.
Ақтөбе облысы бойынша БҚДА департаменті алдағы уақытта да антибәсекелестік әрекеттердің жолын кесу, бәсекелі ортаны дамыту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.