АЙЫППҰЛДАР, ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУЛЕР ЖӘНЕ КЕДЕРГІЛЕРДІ ЖОЮ: ШҚО БОЙЫНША БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Бақберген Сәуле 2025 жылғы есепті кезеңдегі қызмет қорытындыларын шығарды.
2025 жылы бір монополияға тергеп-тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде «Өскемен әуежайы» АҚ-ға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сондай-ақ КЕАҚ «Шығыс Қазақстан облыстық психикалық денсаулық орталығы» қатысты бір тергеп-тексеру жүргізілуде.
«Өскемен әуежайы» АҚ әрекеттерінде авиаотынды бөлшек саудада өткізу кезінде монополиялық жоғары баға белгілеу фактісі анықталды. Мамандандырылған соттың 2025 жылғы 1 желтоқсандағы шешімімен субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды және монополиялық кіріс тәркіленді.
Есепті кезеңде барлығы 6 нарық субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 10,1 млн теңгені, ал тәркіленген монополиялық кіріс көлемі 10 млн теңгені құрады.
Көмір бағасының ықтимал өсуі туралы жарияланымдарға байланысты Департамент тарапынан Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеу жөнінде 2 ескерту шығарылды.
Бәсекелестік ахуалын зерделеу шеңберінде отын-энергетика кешені, теміржол тасымалы, білім беру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары және ритейл салаларында 17 тауар нарығына (5 жоспарлы және 12 жоспардан тыс) талдау жүргізілді.
Талдау нәтижелері бойынша облыстың бірқатар аудандарында бәсекелестік деңгейінің төмен екені, сондай-ақ кедергілер мен проблемалық мәселелердің бар екені анықталды. Бұзушылықтардың алдын алу мақсатында монополияға қарсы комплаенс тетігі белсенді қолданылуда. 2025 жылы азық-түлік өнімдерін жеткізушілермен 18 комплаенс-келісім жасалды.
Сонымен қатар Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын белгілеу және реттеу оның құзыретіне кірмейтінін атап өтті.
Департамент жанында нарықтарға кіру және шығу кедергілерін жою жөніндегі Кеңес жұмыс істейді. Жыл басынан бері Кеңестің 8 отырысы өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша 1 мәселе Республикалық кедергілер картасына енгізу үшін жолданды, 6 кедергі жергілікті деңгейде жойылды, 1 мәселе жұмыс барысында.
Облыстың бірқатар аудандарында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыруға қатысты кедергілер жойылды, сондай-ақ 2000 АЕК-тен төмен сомаға медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде кепілдік міндеттемелерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алуларда нақты бағдарламалық өнімдер мен ақпараттық жүйелерді көрсетуге жол бермеу бойынша ұсыныстар беріліп, бұл IT-қызметтер нарығындағы бәсекелестікке қойылған шектеулерді жоюға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін мониторингтеуге ерекше назар аударылды. 2025 жылы 47 мониторинг жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша антимонополиялық органмен келісілмеген қызмет түрлерін алып тастау жөнінде 7 нұсқама берілді. Барлық нұсқамалар толық көлемде орындалды.
Жыл басынан бері бір көзден сатып алуды келісу бойынша 16 өтінішхат қаралды: 7 өтінішхат бойынша бас тартылды, 2 өтінішхат бойынша (стратегиялық объектілерге қатысты) оң қорытынды берілді, 7 өтінішхат қаралу үстінде.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті бәсекелестік ортаны дамыту, әкімшілік кедергілерді жою және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.