ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ЗАҢНАМАНЫҢ САҚТАЛУЫ МЕН БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТАНЫ ДАМЫТУҒА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Қызылорда облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Департаментінің басшысы Дамир Тоқжанов осы жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Есепті кезеңде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау және ветеринария салаларында қызмет көрсететін 40 мемлекеттік кәсіпорынның қызметіне мониторинг жүргізілді. Мониторингтің мақсаты – кәсіпорындарды құру, кеңейту және қызмет түрлерін өзгерту кезінде антимонополиялық органның келісімін алу талаптарының сақталуын тексеру. Нәтижесінде 32 мемлекеттік кәсіпорынның тиісті келісімсіз қызмет жүзеге асырғаны анықталды. Анықталған бұзушылықтар бойынша нұсқамалар беріліп, оның 27-сі орындалды, ал 5 нұсқама бойынша орындау мерзімі белгіленді.
Бәсекелестік туралы заңнаманы бұзушылықтарға ден қою шеңберінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Департамент нарық субъектілеріне, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ нарық субъектілерінің қызметін реттеу функциялары жүктелген ұйымдарға 4 хабарлама жолдады.
Маңызды нәтижелердің бірі – «Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ-ға қатысты авиациялық отын сату кезінде монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері бойынша жүргізілген тергеп-тексерудің аяқталуы болды. Тергеу барысында авиаотынның құнын негізсіз арттыру фактісі анықталып, бұл Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 1) тармақшасының бұзылуы болып танылды. Тергеп-тексеру нәтижесінде қоғамға 7,2 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 2,4 млн теңге көлеміндегі монополиялық табыс тәркіленді. Сондай-ақ, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, оның орындалуы нәтижесінде авиаотынның сату бағасы ҚҚС-сыз 780 000 теңгеден 533 750 теңгеге дейін төмендетілді.
Жосықсыз бәсекелестік саласында автокөліктерді сатумен айналысатын «DCG Orda» ЖШС-нің қызметінде бұзушылықтар анықталды. Кепілдік қызмет көрсету шеңберінде қызметтерді мәжбүрлеп сату белгілері белгіленді. Аталған факті бойынша хабарлама шығарылып, нарық субъектісі оны толық көлемде орындады.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілермен шарттар жасасу кезінде әртүрлі талаптар қою фактілері бойынша «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметінде де бұзушылықтар анықталды. Қоғамға тиісті хабарлама жолданып, ол да орындалды.
Бұзушылықтардың алдын алу және нарық субъектілерінің адал мінез-құлқын қалыптастыру мақсатында 2025 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірушілермен және көтерме жеткізушілермен, оның ішінде тұз және күріш өндірушілермен, сондай-ақ тауық етін жеткізушілермен үш антимонополиялық комплаенс келісімі жасалды.
Есепті кезеңде Департамент 10 тауар нарығына талдау жүргізіп, отын-энергетика кешені, агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік сала және басқа да салаларда 5 жоспарлы және 6 жоспардан тыс талдау өткізді. Талдау авиациялық керосин, азық-түлік өнімдері, нан, төлем құжаттарын басып шығару және жеткізу қызметтері, білім беру, пошта қызметтері және өзге де бағыттарды қамтыды.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығын орындау аясында Департамент 400-ден астам мемлекеттік кәсіпорын мен мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардың қызметін зерттеді. Талдау қорытындысы бойынша 24 кәсіпорынға қатысты жекешелендіру, сенімгерлік басқаруға беру, қайта ұйымдастыру немесе тарату жөнінде қорытындылар әзірленді. Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсе жүргізген талдау негізінде Қызылорда облысы бойынша жекешелендіруге жататын квазимемлекеттік сектордың 18 субъектісінің тізбесі қалыптастырылды.
Сонымен қатар, 500-ден астам мемлекеттік мекеменің қызметі зерделеніп, олар бойынша ұсыныстар Агенттікке жолданды. Ағымдағы жылы бәсекелестік ортаға «Смағұл Искаков атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны берілді.
Тауар нарықтарына кіру кезіндегі кедергілерді жою жұмыстары Бәсекелестікке кедергілер жөніндегі кеңес шеңберінде тұрақты негізде жүргізілуде. 2025 жылы Кеңестің 12 отырысы өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша бәсекелестікті дамытуға бағытталған нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар әзірленді.
Департамент өңірде бәсекелестікті қорғау, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін қысқарту және әділ нарықтық ортаны қалыптастыру бағытындағы жүйелі және дәйекті жұмысты жалғастыруда.