2025 ЖЫЛҒЫ АГЕНТТІКТІҢ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

2025 ЖЫЛҒЫ АГЕНТТІКТІҢ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ілияс Әбілов 2025 жылы атқарылған жұмыс қорытындысын ұсынды.

Есепті кезеңде Департамент «Жезқазған-эйр» АҚ қатысты бір тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеудің басталуына компанияның Департамент берген хабарламаны орындамауы негіз болды.
Тексеру барысында авиаотынды бірдей шарттармен сатып алатын тұтынушыларға түрлі бағамен өткізу фактілері анықталды. Нәтижесінде әкімшілік іс қозғалып, тиісті ұйғарым шығарылды.

Жезқазған қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен авиакомпания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, табыстың 3 пайызы мөлшерінде 44 782 теңге айыппұл салынды. Айыппұл толық көлемде төленді, нұсқама орындалды.

2025 жылы Департамент тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 9 талдау жүргізді. Талдау мына нарықтарды қамтыды:

  • авиаотынды көтерме және бөлшек саудада өткізу;
  • құс етін көтерме саудада сату;
  • жанар-жағармай материалдарын көтерме сату;
  • көмірді көтерме және бөлшек саудада сату;
  • күнбағыс майын көтерме өткізу;
  • ірі сауда желілеріндегі азық-түлік тауарларын бөлшек сату;
  • мектепке дейінгі білім беру қызметтері;
  • орта білім беру қызметтері;
  • тіркелетін пошта жөнелтілімдері (бандерольдер мен сәлемдемелер).

Көмір нарығын талдау барысында кейбір азаматтардың жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелмей, көмірді сатумен айналысқаны анықталды. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер департаментіне тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныс хат жолданды.

Сондай-ақ, Департамент мемлекеттік кәсіпорын құруға келісім беру туралы 2 өтінішті қарастырды. Қолданыстағы мораторийге сәйкес келісім берілмеді.

Қызмет түрлерін кеңейту немесе өзгерту бойынша келіп түскен 16 өтініштің 13-і мақұлданып, қалғандары толық ақпараттың болмауына байланысты қараусыз қалдырылды.

Департамент жыл ішінде 20 мемлекеттік кәсіпорынның қызметіне мониторинг жүргізді. Нәтижесінде 4 кәсіпорынның монополияға қарсы органның келісімінсіз қызмет түрлерін жүзеге асырғаны анықталды. Бұл фактілер бойынша 4 нұсқама енгізілді: 3 нұсқама орындалды, 1 нұсқама орындалу үстінде.