ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ БҚДА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Дастан Сәмен ведомствоның 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын ұсынды.

Есептік кезеңде Департамент монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Доминанттық жағдайды теріс пайдалану, жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестікке қарсы әрекеттері (немесе әрекетсіздігі), мемлекеттік сатып алулардағы картельдік сөз байласу фактілері және адал емес бәсекелестік белгілері бойынша 3 тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеулер нәтижесінде заң бұзушылықтар расталып, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шаруашылық субъектілерінің қызметіне мониторинг жүргізу және тауар нарықтарына талдау жасау нәтижесінде бәсекелестік туралы заңнаманы бұзушылықтарды жою үшін 8 хабарлама берілді. Оның ішінде:

5 хабарлама ерікті түрде орындалды;

2 хабарлама орындалмауына байланысты тергеулер қозғалып, заң бұзушылықтар расталды;

1 хабарлама бойынша белгіленген мерзім әлі келмегендіктен, орындалу сатысында.

Сонымен қатар, қадағалау функциялары аясында жалған ақпарат ұсыну фактісі анықталды. Осыған байланысты субъектке ӘҚБтК-нің 162-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, қысқартылған тәртіпте 196 600 теңге көлемінде айыппұл салынып, ол толық көлемде өтелді.

Департамент тауар биржалары туралы заңнаманың сақталуын да бақылайды. 2025 жылы биржалық тауарларды (картоп) биржадан тыс өткізу фактілері анықталды. Осыған байланысты тауар өндірушілерге қатысты ӘҚБтК-нің 268-бабы 3-бөлігі бойынша 2 әкімшілік іс қозғалды. Екі материал да қысқартылған тәртіпте қаралып, әрқайсысына 196 600 теңгеден айыппұл салынып, төленді.

Жалпы, жыл ішінде антимонополиялық заңнаманы бұзғаны үшін 11 әкімшілік іс қозғалды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 28 млн теңгеден артық соманы құрады, ал монополиялық табыс 36 млн теңгеден артық көлемінде тәркіленді.

Тауар нарықтарындағы бәсекелестік жағдайына талдау жүргізу шеңберінде 12 кешенді зерттеу орындалды. Зерттелген нарықтарға сұйытылған газ, құс еті, бидай ұны, күнбағыс майы, авиаотын, ірі сауда желілері арқылы өткізілетін азық-түлік, пошталық жөнелтімдер қызметтері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатысуымен қалыптасатын нарықтар кірді. Көптеген нарықтарда бәсекелестіктің төмен деңгейі байқалды, бұл демонополизация бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін көрсетеді. Зерттеу нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар мен ЖАО-ларға 15 ұсыным жолданды, олардың барлығы қабылданды.

Адал бәсекелестік мәдениетін дамыту және бизнестің антимонополиялық тұрақтылығын арттыру мақсатында жыл ішінде ірі сауда желілерімен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жеткізушілерімен және фармацевтикалық нарық субъектілерімен антимонополиялық комплаенс бойынша 21 келісім жасалды.

Сонымен қатар, Департамент денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметіне мониторинг жүргізді. Нәтижесінде заңнамаға немесе кәсіпорын жарғыларына сәйкес келмейтін қызмет түрлерін алып тастау немесе тоқтату жөнінде 38 нұсқама берілді. Оның 37-сі орындалды, бір нұсқама сот қарауында.

2025 жылы Барьерлер жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізіліп, 10 мәселе қаралды. Олардың ішінен 4 мәселе республикалық Барьерлер картасына енгізу үшін Агенттіктің орталық аппаратына жіберілді.