АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ҚЫЗМЕТІ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ 2025 ЖЫЛҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Ақмола облысы бойынша БҚДА департаменті басшысының орынбасары Әділет Мурсалов ағымдағы жылдың өткен кезеңінде Департаменттің атқарған жұмысы туралы ақпарат ұсынды.

2025 жылы Департамент бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу белгілерінің бар екендігі жөнінде 7 хабарлама шығарды. Хабарламалар мемлекеттік органдарға да, нарық субъектілеріне де жолданды.

Ерекше назар Ақмола облысының Білім басқармасының қызметінде анықталған бұзушылықтарға аударылды. Өңірде қосымша білім беру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын бірдей жеткізушілермен жыл сайын ұзарту тәжірибесі қалыптасқаны белгілі болды. Мұндай тәжірибе бәсекелестікті шектеп, нарықтағы өзге қатысушылармен салыстырғанда қолданыстағы жеткізушілерге артықшылық жағдайлар туғызған.

Осыған байланысты Департамент бірқатар ұйымдарға негізсіз артықшылықтарды болдырмай, тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз етуді талап етті. Білім басқармасы антимонополиялық органның талаптарымен келісті. Хабарламаны орындау шеңберінде аудан және қала әкімдіктеріне 2026 жылға бұрын жасалған келісімшарттарды ұзартпай, жалпы тәртіппен конкурс рәсімдерін өткізу тапсырылды.

Сонымен қатар, есепті кезеңде антимонополиялық заңнаманы бұзу фактілері бойынша 2 тергеу аяқталды. Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі тарапынан газ таратушы қондырғыларды өзге әлеуетті қатысушыларды қарастырмай, жекелеген нарық субъектілеріне тікелей беру жөніндегі бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттер анықталды.

Тергеу нәтижесінде бұрынғы бөлім басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ГТҚ объектілерін бәсекелі түрде беру жөнінде нұсқама шығарылды. Осындай бұзушылықтар Көкшетау қаласының Құрылыс бөлімінің қызметінде де анықталып, лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіне жүргізілген мониторинг барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1095 қаулысында көзделмеген қызмет түрлерін жүзеге асыру фактілері анықталды. Мониторинг қорытындысы бойынша сәйкессіз қызмет түрлерін тоқтату туралы 18 нұсқама берілді.

Департамент жанындағы бизнесті шектеулерден арылту жөніндегі өңірлік кеңестің жұмысына да ерекше көңіл бөлінді. Есепті кезеңде білім беру, құрылыс, жер қатынастары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша 8 отырыс өткізілді. Маңызды шешімдердің бірі — талшықты-оптикалық байланыс желілерін орналастыру үшін электр беру желілеріне қол жеткізуге нарық субъектілеріне жәрдемдесу болды.

Департамент азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерімен де жұмысын жалғастырды. Есепті кезеңде 90-нан астам өтініш қаралып, нарық қатысушыларының құқықтарын қорғау және бәсекелестік бұзушылықтарды жою бойынша құзырет шегінде шаралар қабылданды.

Қорытындылай келе, Департамент қызметі барлық нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасауға, антимонополиялық заңнаманың бұзылуын болдырмауға және өңірде қолайлы бәсекелестік ортаны қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.