Ұлы Жеңіс күні
Құрметті Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Қадірлі жерлестер!
Сіздерді жаһан жұртына бейбіт күнді сыйлаған қасиетті Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл майдангерлердің өр рухымен келген Ұлы жеңіске 79 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс – ұрыс даласындағы қаһарман жауынгерлеріміздің ержүректігінің, батырлығының өлшемі. Біз үшін майдангерлеріміздің ерлік жолы – өшпес тарих, Отанды сүюдің айырықша үлгісі.
Бұл күн – қан майданда парыз бен намысты алға қойған қайсар мінезді жауынгерлеріміздің ерен ерлігін, биік рухын ұлықтайтын күн. Бейбіт елдің тыныштығын қорғаған ардагерлерге, шекара шебінде кірпік қақпай күзетте тұрған сарбаздар мен Отан қауіпсіздігіне қызмет ететін барша жандарға құрмет көрсететін жалпы халықтық мереке.
Сол зұлмат соғыстағы жеңіс болмаса, бүгінгі таңда жарқын болашаққа қарай батыл адымдап келе жатқан байтақ мемлекет те болмас еді. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы, еліміздің өркендеуі – осынау қастерлі күннің жемісі.
Сұрапыл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Сол соғыс майданының алдыңғы шебінде жүріп, басынан өткерген майдангерлер де, солардың тілеуін тілеп, тылдағы бар ауыртпалықты иығымен көтерген еңбеккерлер де, соғыста ата-анасынан айырылып, жетімдік тауқыметін тартып өскендер де бүгін арамызда жүр. Бүгінгі бейбіт күннің өтеуі үшін олар бел шешпей, Ұлы Жеңіс жолында еңбек етті, Жеңісті жақындатуға себепші болды. Сондықтан жас ұрпақ майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің алдында борыштар.
Ел басына күн туған шақта облысымыздан майданға 70 мыңнан астам адам аттанса, соның ішінде, біздің ауданымыздан аласапыран соғысқа 3 мыңнан астам адам алынып, оның жартысынан көбі елге оралмай, денелері майдан даласында қалды.
Майданда ерен ерлік көрсеткен 22 жамбылдық Кеңес Одағының Батыры атанса, соның ішінде, Сәду Шәкіров пен Амантай Дәулетбеков сынды Батыр аталарымыз қасиетті Талас топырағынан шыққан еді. Олар – біздің мақтанышымыз.
Сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер мен жастар ұйымдарына соғысқа қатысқандар мен оларға теңестірілген адамдарға, әскери шайқаста қаза тапқандардың отбасыларына Алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табыс ете отырып, «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясын іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ «Ер есімі – ел есінде» атты онлайн акциясы да басталатынын айтып өткен болатын. Осының бәрі майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне деген құрмет болмақ.
Ардақты соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Қадірлі таластықтар!
Сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, қуанышқа толы ғұмыр, әр істеріңізге сәттілік, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Заманымыз тыныш, келешегіміз кемел болсын!