7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі

0

 Құрметті таластықтар!

 

         Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

         Биыл Қазақстан Республикасы Карулы Күштерінің құрылғанына 32 жыл толып отыр.      

         Әрбір тәуелсіз мемлекеттің ең басты мақсаты – ел тыныштығын қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау. Сондықтан да бұл күн – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, айбынды әскеріміздің атағын асқақтататын, мемлекетіміздің қуатын айғақтайтын күн.

         Қазақстан әскері елдік пен егемендіктің тірегіне, бейбіт өміріміздің, тұрақтылық пен тыныштықтың кепіліне айналды. Бүгінде әлем елдерімен әскери байланысымыз нық орныққан.

         Қазақстан ТМД және Орта Азиядағы аймақтық қауіпсіздік мәселесіне орай ортақ міндеттерді айқындайтындай жаңа бастамалар көтеріп келеді. Дүниежүзі Қазақстанды әлемдік қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін құрметтейді. Еліміздің Семей ядролық сынақ полигонын жауып, ядролық арсеналдан бас тарту туралы батыл шешімдері Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында жария етілді. «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі осының айғағы.

         Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының: «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген ұранды сөзі ел намысын өз тағдырынан жоғары қоюға шақырған тарихи сөз болып қалды. Бүгінде күш-қуаты жылдан жылға артып келе жатқан Қазақстан Қарулы күштерін әлем таниды.

         Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «Қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау-әрбір азаматтың қасиетті борышы».

         Үстіміздегі жылдың 25 сәуірінде Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың биыл

100 жылдығы екенін, соған орай С.Нұрмағамбетов атындағы І дәрежелі, Б.Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі және Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен әскери қызметшілер мен күштік құрылым қызметкерлерін марапаттауды тапсырды.

         Осы бейбіт өмірде ерлігімен ер атанған, ауданымыздан шыққан 3-дәрежелі «Айбын» орденінің иегерлері Ұлыбеков Әуесхан Бекмұратұлы, Бишаев Еркебұлан Жақсылықұлы сынды азаматтарымызды мақтан етеміз.

         Жыл сайынғы көктем және күзгі шақырылымдарда аудан жастары әскери борышын өтеуге аттандырылып жатыр. Олар ел тыныштығын, кейінгі жас ұрпақтың нұрлы болашағын күзетеді. Бұл – зор мәртебе!

         Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қуаты нығайып, даңқы арта берсін!

         Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке мен қуаныш, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

         Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!