1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрметті Таластықтар!

         Баршаңызды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

         Алғыс айту күні – ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барлық Қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған қастерлі күн. 

         Қазақ халқы қиын-қыстау кезеңде өздерінің қиындықтарына қарамастан, өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, барын бөліп берді. Міне, қазақ халқының осындай мейірімді құшағын паналап, азапты күндерден аман қалған қоныс аударушылар осы қасиетті топырақта ұрпақ өрбітіп, еліміздің нұрлы болашағы жолында аянбай еңбек етіп келеді.

         Алғыс айту күні өз кезегінде ел бірлігіне ұйытқы болар ішкі үндестіктің, сенімділік пен өзара сый-құрметтің орнығуына зор ықпал етері сөзсіз. Сондай-ақ бұл мерекеде қазақстандық патриотизмнің, татулығымыздың, мәдени саналуандығымыздың жарасым тапқандығын да ерекше атап өтуге тиіспіз.

         Халқымызды ұйыстыруға бағытталған «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізге арқауы саналатын бір шаңырақ астына топтасу мақсатын жүзеге асырудың маңыздылығы да осы мереке барысында айқындала түседі.

         Ауданымыздағы жиырмадан астам ұлттық этнос өкілдері бұл күнде қазақ халқына деген ризашылықтарын жүрек төріне ұялата жүріп, аудан экономикасын дамыту жолында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып жұмыла еңбек етуде. Жергілікті ұлт өкілдерінің де өзге ұлт өкілдеріне деген құрметі ерекше.

         Қадірлі жерлестер! Баршаңызға зор денсаулық, бейбітшілік пен келісім, еңбектеріңізге сәттілік, жанұяларыңызға құт-береке тілеймін!

         Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз баянды болсын!