25 қазан - Республика күні мерекесі
Құрметті таластықтар!
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді 25 қазан - Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл - ел үшін айрықша маңызға ие тарихи күн. Осыдан отыз екі жыл бұрын 25 қазанда Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды. Бұл егемендік алу жолындағы ең алғашқы құжат. Осы тарихи сәттен бастап Қазақстан дербес, терезесі тең тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге таныла бастады. Декларацияның қабылдануымен бірге Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастағы статусы, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Жалпы айтқанда қазіргі Қазақстан Республикасының іргесі қаланды.
2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілгені мәлім. Соған сәйкес, 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, 25 қазан-Республика күні мемлекеттік мерекесінен алынған болатын. Енді міне араға 13 жыл салып, еліміз Республика күнін қайта атап өтпек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 шілдеде Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда:
- Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек, деген болатын. Ия, тәуелсіздігімізден асқан құндылық жоқ. Отыз жыл бедерінде бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз болса ол - тәуелсіздіктің жемісі. Ендеше айтулы даталы халық болып мерекелеу егемендігіміз бен елдігімізді, татулығымыз бен тұрақтылығымызды айғақтайтын маңызды шешім деп білемін. Мақсатымыз - бірілігі бекем, тірлігі табысты, татулығы үлгі елдер қатарынан табылу. Осы жолда талай күш жұмсалды, алда атқарылатын міндеттер де аз емес. Ел бірлігі сақтаған бабаларымыздың асыл мұраты болған тәуелсіздікті сақтау басты- мұратымыз.
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді Республика күні мерекесімен құттықтай отырып, әр отбасына татулық пен ырыс-береке, Отанымыздың игілігі мен жарқын болашағы жолындағы еңбектеріңізге толайым табыстар тілеймін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!
Құрметпен,
Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков