Құрылыс

Орал қаласын кешенді дамыту жоспары аясында өңірдегі ең ірі жобалардың бірі – «Ақжайық» шағын ауданын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның негізгі мақсаты – халықты заманауи тұрғын үймен қамтамасыз ету және толыққанды әлеуметтік инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыру.

Шағынауданды дамыту жоспарына сәйкес 70 мыңдай тұрғынды қамтитын 76 көпқабатты тұрғын үйді кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар, әрқайсысы 1500 орындық 2 мектептің және 500 орындық 4 балабақшаның құрылысы қарастырылған, сондай-ақ 60 әлеуметтік нысанды салу жоспарға енгізілген.

Қазіргі таңда шағын ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бюджет қаражаты есебінен су, газ, электрмен жабдықтау және су бұрудың негізгі магистральдық инженерлік желілері тартылды. Инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 146,9 шақырымды құрайды.

Кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, қысымды арттыру сорғы станциясының құрылысы аяқталу сатысында.

Бүгінгі күні 880 пәтерлік 10 көпқабатты кредиттік тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта 460 пәтерлі тағы 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Барлық тұрғын үйлер құрылысы мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен қаржыландырылды.

Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 40,1 шақырым болатын инженерлік-коммуникациялық желілерді жүргізу және кварталдар мен тұрғын үйлер аумақтарын абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.

Оған қоса ішкі орам жолдары құрылысы жүргізілуде. Жоба екі кезеңде іске асырылуда. Бірінші кезеңдегі жолдардың ұзындығы – 12,3 шақырым, екінші кезеңдегі жолдардың ұзындығы – 14,3 шақырым.

Сонымен қатар, «Ақжайық» шағынауданының көлік қолжетімділігін арттыру және қаланың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова көшесінен бастап Зачаганск кентіндегі «Ақжайық» шағынауданына дейінгі аралықта көпір құрылысы жобасы жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға бағытталған дайындық жұмыстары жүргізілуде. (Көпір құрылысының шарттық құны – 35,806 млрд теңге)Жалпы ұзындығы – 4,4 шақырым. Жобаны аяқтау мерзімі – 2028 жыл.

Аталған жоба «толық дайын күйінде» («под ключ») қағидаты бойынша, EPC форматы негізінде жүзеге асырылуда.

Жоба бойынша мердігер ұйым – «Қазахдорстрой» ЖШС, авторлық қадағалау – «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ.

Маңызды бағыттардың бірі – жеке инвестицияларды тарту. Бүгінде жеке құрылыс салушылар коммерциялық тұрғын үй жобаларын белсенді жүзеге асыруда, бұл құрылыс саласының дамуына және қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілуде. Атап айтқанда, үстел теннисі орталығы инвесторының қатысуымен Орал қаласында Freedom Bank үстел теннисі орталығының құрылысы салынып жатыр. Қазіргі уақытта аталған нысанның инженерлік-коммуникациялық желілерін жүргізу және аумағын абаттандыру бойынша жобалық құжаттама әзірленуде.

Бұған қоса, ағымдағы жылы «Отбасы банк» салымшыларына тұрғын үй беру мақсатында жаңа квартал құрылысы басталып, осы кварталдағы жеке құрылыс салушылардан барлығы 1200 пәтер сатып алынады. Қазіргі таңда аталған жаңа кварталда жеке салушылармен 11 көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы басталды.

Тұрғын үйлер IV жайлылық класына сай болуы тиіс, таза әрлеуде беріледі. Ауласы абаттандырылған және көгалдандырылған, демалыс аймақтары мен автотұрақтары бар, заманауи материалдар, оның ішінде силикат кірпіш, жұмсақ шатыр, фиброцементті панельдермен қапталған қасбеттер қолданылуда.

Ағымдағы жылы 500 пәтер сатып алуға 9,6 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Сонымен қатар бейінді министрлікпен қосымша 500 пәтер сатып алуға 10 млрд. теңге бөлу келісілді.

Шағын ауданды дамыту жұмыстары жалғасын табады. Жаңа кварталдар салынып, жыл сайын 1000-нан аса пәтерлер сатып алу жоспарымызда бар.

Осылайша, «Ақжайық» шағын ауданы Орал қаласының жаңа даму аумағына айналып, заманауи тұрғын кварталдарды, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және қоғамдық мақсаттағы нысандарды біріктіретін болады. Оның дамуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Жарияланған күні

18 шілде 2022

Жаңарту күні

18 шілде 2022

Қызмет бағыты