Жиі қойылатын сұрақтар

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалар білім беру ұйымдары болып табылады. Білім беру қызметімен айналысу құқығы Жоғары білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алған кезден бастап туындайды.

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру саласындағы қызметті лицензиялау кадрлар даярлау бағыттары мен оқыту нысандары бойынша жүргізіледі.

Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылу мерзімі – берілген күннен бастап бес жыл.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі болып табылады және «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) регламенттеледі (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2022 жылғы 29 қарашадағы №164 бұйрықпен) https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200030832.

Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға арналған өтініштер мен құжаттар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) сәйкес жүзеге асырылады. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892 

Мысалы, Қазақстан Республикасында жоғары және жоғары оқудан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметіне лицензия алу үшін келесі қадамдарды орындау қажет:

1. Заңнаманы зерттеу: «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен және лицензия беру процесін реттейтін Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрықтарымен танысу.

2. Біліктілік талаптарын сақтау: Ұйымның келесі біліктілік талаптарға сәйкес екеніне көз жеткізу:

Оқытушы-профессорлық құраммен қамтамасыз ету.

Ғылыми-әдістемелік және материалдық-техникалық базаның жеткіліктілігі (оқу корпустары, зертханалар, оқу-техникалық құралдар, лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз ету және т.б.).

Ғылыми әлеуеті.

3. Білім беру бағдарламаларын тіркеу: Әзірленген білім беру бағдарламаларын уәкілетті органның білім беру бағдарламаларының тізілімінде тіркеу. Операторы – Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы».

4. Құжаттарды дайындау:

Ұйымның құжаттары.

Білім беру бағдарламалары.

Оқытушылар туралы мәліметтер.

Материалдық-техникалық базаны растау.

Біліктілік талаптарға сәйкес екенін растайтын өзге де қажетті құжаттар.

5. Өтінім беру: «электрондық үкімет» электрондық порталдары арқылы (www.egov.kz, www.elicense.kz) қоса берілген материалдармен бірге өтінім беру. Өтінім 30 жұмыс күні ішінде қарастырылады.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру қызметі «Е-лицензиялау» веб-порталы арқылы (http://e-license.kz) жүзеге асырылады.