Жиі қойылатын сұрақтар
ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша оқуға түсу үшін «Қазтест» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеудің В1 (орта) деңгейінен өту қажет.
Қазақ тілін өздігінен үйрену үшін «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Soyle.kz», «Tilmedia.kz», «Аbаі.institute», «Qazaq Sozi», «Tatti Alma» және т.б. веб-сервистер мен мобильді қосымшалар бар.
Елімізде 114 (өңірдегі филиалдарымен қоса алғанда) оқыту орталықтары бар. Тілді үйрену үшін тұрғылықты мекенжай бойынша Тілдерді оқыту орталығына жүгіну қажет.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкес тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабына сәйкес тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.
Заңның 23-бабында Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттiк органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды деп көрсетілген.
Тұжырымдамаға сәйкес 2029 жылға қарай республика бойынша мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін – 84 %-ке, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В2 деңгейінде меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесін – 50 %-ке, Қазақстанда өткізілетін, сондай-ақ шетелде қазақстандық дипмиссиялар ұйымдас-тырған халықаралық шараларда қазақ тілінің қолданылу үлесін – 75 %-ке, мемлекеттік органдардағы, ұлттық компаниялардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымның үлесін – 94 %-ке, «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» жобасының мәтіндік базасы көлемінің үлесін (өсу қорытындысымен) – 84 %-ке, реттелген терминологиялық қордың үлесін – 40 %-ке, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесін – 86 %-ке жеткізу көзделген.
Тұжырымдаманы іске асыру бойынша толық ақпаратпен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтынан танысуға болады.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады және мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде – оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады.
Республикалық орфография комиссиясының негізгі міндеті – қазақ тілінің орфографиясы, орфоэпиясы мен пунктуация ережелерін, қазақ тілінің нормасы белгіленетін сөздіктер және анықтамалықтардың тізімін бекіту; қазақ тілінің нормасы белгіленетін сөздіктерге қойылатын талаптарды бекіту; орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, анықтамалық құралдар және басқа да нормативтік дереккөздерді орфография нормаларына сәйкестігі тұрғысынан сараптамалық бағалау; орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық ережелер мен ортологиялық құралдарды бекіту; тілдік норманың қалыптануы (кодификация) мәселелері бойынша шешімдер қабылдау.
«Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесі қазақ тілінің барлық қолданыс аясын қамтитын ресурстарын жинақтайды, цифрландырады, оны жасанды интеллект пен заманауи технологияларға бейімдейді, өңдеу процестерін автоматтандырады, мәдени құндылық ретінде сақтайды, қорғайды және дамытады.
Қор – жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйе. Көпшілік үшін тиімділігі:
- сөздердің мағынасын, этимологиясын және қолдану үлгілерін түсіндіретін сөздіктер базасы құрылады;
- интерактивті іздеу жүйесі әзірленеді;
- пайдаланушылар әдеби тіл нормаларын сақтауға қажетті ережелермен таныса алады;
- қазақ тілінің терминологиялық базасы және ресми іс-қағаздарын жүргізуге арналған құжаттар қоры қолжетімді болады;
- пайдаланушылар қазақ тіліндегі жасанды интеллект модельдері негізінде мәтіндер әзірлеу үшін мәтіндік датасет нәтижесін қолдану мүмкіндігіне ие болады.
Қазіргі уақытта Республикалық терминология комиссиясы екі бағытта жұмыс атқарады: қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика. Ағымдағы жылдан бастап салалық терминологиялық секциялар өз жұмысын бастайды. Бұл жұмыс сала терминдерін біріздендіруге ықпал етеді.
Сонымен қатар Нормативтік құқықтық актілерде қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің бірыңғай сөздігін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында осы сөздіктің электрондық нұсқасы көпшілік назарына ұсынылады.
Республикалық терминология комиссиясының қызметі Қазақстан Республикасы Ғылым және ғылым министрінің 2024 жылғы 18 наурыздағы № 116 бұйрығымен бекітілген Республикалық терминология комиссиясы туралы ережемен және 2024 жылғы 5 маусымдағы № 283 бұйрығымен бекітілген Терминологиялық жұмыстарды жүргізу қағидаларымен реттеледі.