Жиі қойылатын сұрақтар
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300032800) 20 және 21-тармақтарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы, шетел азаматы және азаматтығы жоқ адамның шетелде алған ғылыми дәреже беру туралы құжаттарды тану рәсімі екі кезеңде жүргізіледі:
1) дәреже беру туралы құжаттың түпнұсқалығын анықтау;
2) диссертация мен ғылыми мақалаларға сараптама жүргізу.
Бұл ретте диссертациялар мен ғылыми мақалаларға сараптама жүргізу кезеңі мынадай санаттағы адамдар үшін:
1) диссертация қорғаған үш халықаралық академиялық рейтингтің (әлемнің үздік университеттерінің әлемдік рейтингісі Квакарелли Саймондс (QS World University Rankings, КьюЭс Ворлд Юниверсити Ранкинг), әлем университеттерінің академиялық рейтингісі (Academic Ranking of World Universities, Академик Ранкинг оф Ворлд Юниверситиес), Таймс (Times Higher Education World University Rankings, Таймс Хайер Едукейшн Ворлд Юниверсити Ранкинг) бірінің алғашқы 250 (екі жүз елу) позициясының қатарына кіретін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру үйымдарында (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) диссертация қорғаған адамдар үшін;
2) «Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленушілерге оқу үшін ұсынылатын ұйымдардың тізіміне енгізілген ЖЖОКБҰ-да, ғылыми орталықтарда, зертханаларда диссертация қорғаған;
3) еңбек көші-қон шеңберінде ЖЖОКБҰ-мен шақырылған шетел азаматтары үшін;
4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік органдары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау бағдарламалары бойынша оқытуға жіберілген адамдар, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қамтитын диссертация қорғаған адамдар үшін;
5) шетелдік өнер ұйымдарында орындаушылық өнердің жоғары дәрежесі үшін екінші деңгейдегі магистр немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дипломдарын алған адамдар үшін;
6) хабилитацияланған доктор (Dr.Habil) дипломын алған адамдар үшін жүргізілмейді.
Егер өтініш беруші жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпаса, онда диссертация мен ғылыми жарияланымдар сараптамадан өтеді. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (бұдан әрі – Комитет) Сараптау кеңесі Дәрежелерді беру қағидаларының (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006951) талаптарының сәйкестігіне сараптама жүргізеді.
Мысалы, Қазақстан азаматы С. Томск мемлекеттік педагогикалық университетінде диссертациясын дербес қорғады және онда Ресей Федерациясының ғылым кандидаты дипломы бар. Диплом халықаралық академиялық рейтингтерге кірмейтін және «Болашақ» халықаралық стипендиясының тізіміне енбеген жоғары оқу орнының тарапынан берілген. Бұл жағдайда, ол Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген адамдардың ешбір санатына жатпайды, сондықтан азамат С.-ның диссертациясы мен оның ғылыми жарияланымдары Комитетте сараптамадан өтетін болады.
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру қағидаларының (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939) (бұдан әрі – Қағидалар) 7-3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (бұдан әрі – Комитет) ғылыми атаққа үміткердің аттестациялық ісін мынадай жағдайларда қараусыз қайтарады:
1. Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттардың біреуінің болмауы немесе сәйкес келмеуі;
2. ұсынылған материалдардың жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) немесе ғылыми ұйымның интернет-ресурсында орналастырылған үміткер туралы ақпаратқа сәйкес келмеуі;
3. үміткер туралы материалдардың сұрау салынатын ғылыми бағытқа сәйкес келмеуі.
Аттестациялық істі ЖЖОКБҰ немесе ғылыми ұйым қараусыз қайтарылған күннен бастап кемінде 1 (бір) ай мерзімде қайта жолдайды.
Мәселен, Комитет аттестациялық істі қараусыз қайтару кезінде талап етілетін құжаттардың бірінің жоқтығын көрсетті. Үміткердің жетіспейтін құжаттары оның аттестациялық ісіне салынады және ол бір айдан кейін Комитетке қарау үшін қайта жіберілуі мүмкін. Бұл ретте, үміткердің жұмыс істейтін ұйымның Ғылыми кеңесінде қайта қаралуы талап етілмейді.
Ғылыми атақтар (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор) беру қағидаларының (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006939) 10-тармағына сәйкес, үміткер тарапынан ғылыми этиканың бұзу жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің (бұдан әрі – Комитет) шешімі қабылданғанға дейін үміткердің өтініші немесе жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының не ғылыми ұйымның қолдаухаты негізінде ғылыми атаққа үміткердің аттестациялық ісін қараудан қайтарып алуға жол беріледі.
Мәселен, Комитет шешім қабылдағанға дейін үміткер К. Комитеттің Сараптау кеңесінің отырысына өзінің аттестациялық ісі бойынша тыңдауға шақырылады. Тыңдау қорытындысы бойынша үміткер өз кандидатурасын қараудан қайтарып алу туралы шешім қабылдайды. Ол үшін үміткер К. Комитеттің атына аттестациялық істі қараудан қайтарып алу туралы еркін нысанда өтініш жазуы керек. Сондай-ақ оның аттестациялық ісін жолдаған ұйым да Комитетке осындай мазмұнда қолдаухат жаза алады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 мамырдағы № 196 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 2-тарауының 10-тармағына сәйкес, көрсетілетін қызметті алушының (жеке тұлғаның) тегі, есімі, әкесінің аты (ол бар болса) және (немесе) көрсетілетін қызметті алушының (заңды тұлғаның) атауы өзгерген жағдайда, аккредиттелген субъектілер Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне (бұдан әрі – уәкілетті орган) осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес аккредиттеу туралы куәлікті қайта рәсімдеу туралы өтінішті және осы Қағидаларға 1-қосымшаның 9-тармағына сәйкес растаушы құжаттарды ұсынады, олардың негізінде көрсетілетін қызметті алушыға бұрын берілген мерзімге сәйкес келетін қолданылу мерзімі бар жаңа куәлік беріледі.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020626
Мысалы:
Айгерім К. (бұдан әрі – қызмет алушы) тұрмысқа шығуы себепті жұбайының фамилиясын алған. Осыған байланысты Қағиданың 1-қосымшасының 9-тармағына сәйкес растайтын құжаттар топтамасын жинақтап қайта ресімдеуге өтінім берді. Осылайша қызмет алушының қайта ресімдеу туралы өтінімі қарастырылып, ол кісіге алдында берілген мерзімге сәйкес жаңа куәлік берілді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 12 мамырдағы № 196 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының 2-тарауының 8-тармағына сәйкес, филиалдарды аккредиттеу бас ұйымның құрамында жүргізіледі.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020626
Мысалы:
Ұлттық сараптама орталығының Алматы қалалық филиалы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне (бұдан әрі – қызмет беруші) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу мәселесі бойынша жүгінді. Қызмет беруші филиалдардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуден өтуі міндетті емес екенін түсіндірді. Аккредиттеу осы филиалдың бас ұйымының құрамында, яғни Ұлттық сараптама орталығының құрамында жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабына сәйкес, бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісі немесе оның уәкілетті өкілі бірқатар құқықтарға ие (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000375#z155).
Атап айтқанда, бақылау субъектісі заңнамада көзделген жағдайларда, соның ішінде бақылау шарасын жүргізу құқығын растайтын қажетті құжаттар болмағанда, белгіленген хабарландыру мерзімдері сақталмағанда немесе бақылау жүргізу мерзімдері асқанда, бақылау органының лауазымды тұлғаларын бару арқылы профилактикалық бақылауды және (немесе) тексеруді жүргізуге жібермеуге құқылы.
Бұдан басқа, бақылау субъектісі егер мәліметтер мен құжаттар бақылау нысанына жатпаса, оларды бермеуге, сондай-ақ бақылау органынан бақылау шарасын жүргізуге байланысты ақпарат пен құжаттарды алуға құқылы.
Мысалы, егер бақылау органының лауазымды тұлғалары тексеру жүргізу үшін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) келсе, бірақ:
- құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелгені туралы белгі қойылған бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды немесе тексеруді тағайындау туралы актіні;
- тексеру парағын;
- қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын;
- құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын (қажет болған кезде) көрсетпесе, ЖЖОКБҰ оларды тексеруге жібермеуге құқылы.
Сол сияқты, ЖЖОКБҰ жүргізіліп жатқан тексерудің нысанына жатпайтын құжаттар мен мәліметтерді бермеуге құқылы.
Бұл ретте, лауазымды тұлғаларды тексеруге жібермеу құқығын іске асыру тек Кәсіпкерлік кодексінде көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Осылайша, ЖЖОКБҰ мемлекеттік бақылау органының заңды талаптарын орындауға міндетті ғана емес, сонымен қатар бақылау шарасын жүргізу барысында өз заңды мүдделерін қорғауға құқылы.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 148-бабына сәйкес бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000375#z148).
Микрокәсіпкерлік субъектілері үшін – 5 жұмыс күнінен аспауға және 5 жұмыс күніне дейін ұзартылуға тиіс;
Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын бақылау мен қадағалау субъектілері үшін – 15 жұмыс күнінен аспауға және он 15 күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуға тиіс.
Бұл ретте, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу мерзімдері қажет болған жағдайларда ғана (Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары шеңберінде шетелдік мемлекеттік органдардан ақпарат алу; бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілетін тұлғаның тұрған жерін анықтау; зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алу) тек 1 рет ұзартылуы мүмкін.
Мысалы, егер жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына бару арқылы профилактикалық бақылау 1 қыркүйекте басталса, оны жүргізу 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей аяқталуы тиіс. Мерзімді ұзартуға негіздер болған жағдайда, профилактикалық бақылау тағы ең көп дегенде 15 жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 12 маусымдағы № 268 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 13-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында халықаралық шарттар негізінде немесе ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша әрекет ететін шетелдiк жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру ұйымдары филиалдарының және шетелдiк оқу орындары берген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың иегерлері білім туралы құжаттарды тану рәсімінен өтпейді.
Осылайша, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және қызметін жүзеге асыратын шетелдік бiлiм беру ұйымдарының филиалдары мен шетелдік оқу орындары берген дипломдар Қазақстан Республикасының аумағында автоматты түрде танылады және оларды тану рәсімінен өткізудің қажеті жоқ.
Мысал:
Қазақстан Республикасының М. азаматы Астана қаласында орналасқан және ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде білім беру қызметін жүзеге асыратын шетелдік университеттің филиалын тәмамдады. Жұмыс беруші одан білім туралы құжатын тану туралы анықтаманы талап етті. Азамат М. білім туралы құжатын тану бойынша мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш берді. Алайда оған мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылды, өйткені мұндай диплом Қағидалардың 13-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында автоматты түрде танылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 18 бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдардың білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына (бұдан әрі – Біліктілік талаптары) өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, білім беру қызметін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын ғимараттардың (оқу корпустарының) сәйкестігін құжат жүзінде растауға қойылатын талаптар күшейтілді.
Ғимараттарды (оқу корпустарын) шаруашылық жүргізу, жедел басқару, сенімгерлік басқару құқығын немесе оларды пайдаланудың өзге де заңды негізін растайтын құжаттардан басқа, жаңадан құрылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мынадай құжаттарды ұсынуға тиіс:
- объектіні пайдалануға қабылдау актісі;
- өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды тағайындау туралы бұйрық;
- өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықтар;
- эвакуация жоспары;
- Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің № 55 бұйрығына 3-қосымшаға сәйкес өрт сөндірудің бастапқы құралдарының ең төменгі қажетті тізбесі;
- өрт автоматикасы жүйелері мен қондырғыларын пайдалануға қабылдау актісінің көшірмесі.
Аталған өзгерістер білім беру қызметін жүзеге асырудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге және материалдық-техникалық базаның заңнама талаптарына сәйкес пайдалануға дайын екендігін растауға бағытталған (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2400033892).
Мысал:
Заңды тұлға жаңа университет ашуды жоспарлап, білім беру қызметімен айналысуға мемлекеттік қызмет алу үшін «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі (http://e-license.kz) арқылы өтініш береді.
Өтініш беруші Біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын мәліметтер мен құжаттарды ұсынумен қатар, ғимараттың қауіпсіз пайдалануға дайын екендігін растайтын құжаттарды да ұсынуы қажет. Мысалы, ғимаратты пайдалануға қабылдау актісі, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын растайтын құжаттар және Біліктілік талаптарында көзделген өзге де құжаттар.
Құжаттар топтамасын қарау барысында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын растайтын құжаттың ұсынылмағаны анықталды. Осыған байланысты заңды тұлғаға ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылды.
Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесін беруге арналған диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер кадрларды даярлау бағыттары немесе білім беру бағдарламаларының топтары бойынша жұмыс істейді. Әдетте, диссертациялық кеңестер бірнеше білім беру бағдарламаларын қамтиды. Диссертациялық кеңес туралы үлгі ереженің 20-1-тармағы (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 126 бұйрығымен бекітілген) (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1100006929) нақты диссертациялық кеңес шегінде докторантураның білім беру бағдарламалары үшін аккредиттеудің болуын сақтау осы диссертациялық кеңестің барлық білім беру бағдарламалары үшін міндетті болып табылмайтынын көздейді. Сондықтан, диссертациялық кеңес, егер бұл диссертациялық кеңестің жалғыз бағдарламасы болмаса, аккредиттеу мерзімі өткен білім беру бағдарламасы бойынша докторантты қорғауға қабылдай алады.
Мысалы, Алматы қаласындағы университеттердің жанындағы диссертациялық кеңесте даярлау бағыты бойынша 4 білім беру бағдарламалары бойынша қорғаулар өтуде. Үш білім беру бағдарламалары бойынша аккредиттеу осы диссертациялық кеңестің өкілеттігі аяқталғанға дейін жарамды. Төртінші білім беру бағдарламасы бойынша мамандандырылған аккредиттеу мерзімі аяқталады. Бірақ осыған қарамастан, диссертациялық кеңес осы бағдарлама бойынша диссертациялық жұмысты қорғауға құқылы.