Мемлекеттік қолдау шаралары пластмасса бұйымдары өндірісін кеңейтуге мүмкіндік берді

Мемлекеттік қолдау шаралары пластмасса бұйымдары өндірісін кеңейтуге мүмкіндік берді

Өз бизнесін дамыта отырып, қазақстандық кәсіпорындар мемлекеттік қолдаудың бірқатар құралдарын пайдалана алады. Осы бағыттағы тиімді шаралардың бірі - еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге бағытталған кәсіпорындар шығындарының бір бөлігін өтеу болып табылады.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы пластмасса бұйымдарын өндіретін «АмантайПЛАСТ» компаниясы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы арқылы ұсынылатын ынталандыру шарасы аясында осы бағыттағы мемлекеттік қолдау алды. Компания құрылыс саласында, сондай-ақ көкөніс өнімдерін сақтау және тасымалдау кезінде қолданылатын пластмасса бұйымдарын өндіруге маманданған. Өнімдер тиісті пресс-қалыптарды пайдалана отырып, қысыммен құю әдісі арқылы бұйымдарды қалыптауды қамтамасыз ететін арнайы жабдықтар - термопластавтоматтарда өндіріледі.

Кәсіпорын плитка төсеуді жеңілдетуге, жіктердің біркелкілігін сақтауға және қаптау жұмыстары кезінде бетті тегістеуге арналған плитканы тегістеу жүйелерін шығарады. Бұл өнім кәсіби шеберлердің де, жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізетіндердің де жұмыс процесін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар компания әртүрлі көлемдегі пластик жәшіктер өндіреді. Олар көкөніс өнімдерін орналастыруға, сақтауға және тасымалдауға арналған.

«Өнімдерімізге сұраныс жоғары: өңірде жаңа нысандар белсенді салынып жатыр. Сондай-ақ, Түркістан облысы ірі аграрлық өңір болғандықтан, өнім жинауға және сақтауға арналған пластик жәшіктерімізге жыл бойы сұраныс бар. Өнім сапасын қамтамасыз ету үшін Қытайдан үш термопластавтомат сатып алдық. Оларға 80 млн теңге қаражатымыз жұмсалды. Бұл жабдықтарды сатып алу халықаралық стандарттарға сай сапалы өнім өндіруге мүмкіндік берген маңызды шешім болды. Кейін шығындарды өтеу үшін QazIndustry-ге жүгініп, жұмсалған қаражаттың 40%-ын, яғни 32,4 млн теңгесін өтеп алдық», – дейді компания директоры Амантай Андасов.

Қазір кәсіпорында екі ауысымда 10 адам жұмыс істейді. Заманауи жабдық өндіріс көлемін үш есеге жуық арттыруға мүмкіндік берді. Үш термопластавтомат толық қуатында жұмыс істеген жағдайда кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 115 млн данадан астам плитканы тегістеу жүйесін және 2,1 млн-нан астам көкөніс жәшігін шығаруға жетеді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында үнемделген қаражатты компания одан әрі дамытуға бағыттады. Бұл кәсіпорын бюджетіне түсетін жүктемені азайтып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, QazIndustry өнеркәсіпті ынталандыру шаралары аясында кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді нарықта ілгерілетуге жұмсаған шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін өтейді. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша кәсіпорындарға төленген өтемақы сомасы 425,3 млн теңгеге жетті.

2025 жылы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ынталандыру шаралары аясындағы құралдарды жаңартты. Енді компаниялар басым тауарларды ел ішінде теміржол көлігімен тасымалдауға жұмсаған шығындарының жартысын өтей алады. Бұдан бөлек, халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу көлемі бірнеше есеге ұлғайтылды.

Бизнеске арналған ынталандыру шаралары туралы толығырақ ақпаратты QazIndustry сайтынан, сондай-ақ орталық кеңсесіне (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) келу арқылы немесе +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) телефоны бойынша алуға болады.