Ерсайын Нағаспаев Ivanhoe Mines компаниясының басшылығымен геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Ерсайын Нағаспаев Ivanhoe Mines компаниясының басшылығымен геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Ivanhoe Mines тау-кен өндіру компаниясының Корпоративтік даму және инвесторлармен байланыс жөніндегі атқарушы вице-президенті Александр Пикардпен кездесті.

Тараптар геологиялық барлау саласындағы өзара іс-қимыл, оның ішінде әлемдегі ең ірі әрі әлеуеті жоғары мыс белдеулерінің бірі — Шу-Сарысу бассейні бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстанның жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін әлемдегі жетекші он елдің қатарына қосылу жоспарларына назар аударылды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тау-кен металлургия саласын дамытуды басым міндеттердің бірі ретінде айқындап отыр. Қазақстанда өңдеу қуаттарын кеңейту, инвестициялар тарту және әлемнің жетекші компанияларымен әріптестікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Біз Ivanhoe Mines-пен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ашықпыз  және компанияның жобалары мен инвестицияларының табысты жүзеге асуына ашық әрі болжамды қолайлы жағдай жасай отырып қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Ivanhoe Mines компаниясы Жамбыл, Түркістан, Қызылорда мен Ұлытау облыстарында жобаларын жүзеге асыруда. Учаскелердің жалпы ауданы шамамен 16 500 км² құрайды, қазіргі уақытта 18 мың метрге жуық бұрғылау жұмыстары жүргізілген. Егер нысандардың өнеркәсіптік тұрғыдағы маңызы расталса, қорларды бағалау, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу және өнеркәсіптік өндіру кезеңіне көшу көзделіп отыр. Бұл ретте Қазақстан аумағында тиісті инфрақұрылым құрылып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды өндіру салаларындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделі екендерін растады.