BIM технологияларын міндетті қолдану, ашық стандарттар және жасанды интеллект: Алматыда II buildingSMART Kazakhstan Conference & Awards 2026 конференциясы өтті

BIM технологияларын міндетті қолдану, ашық стандарттар және жасанды интеллект: Алматыда II buildingSMART Kazakhstan Conference & Awards 2026 конференциясы өтті

Алматыда ашық стандарттар openBIM және құрылыс саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған II buildingSMART Kazakhstan Conference & Awards 2026 конференциясы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, жобалау және құрылыс компанияларының өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Конференцияны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Мұратұлы Жүнісбеков ашты. Өз сөзінде ол құрылыс саласын цифрлық дамытудың басым бағыттары және жобалау мен құрылыста заманауи технологияларды енгізу туралы айтып өтті. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Маратханұлы Шаханов құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстанда құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеудің (ҚОАМТ/BIM) технологияларын міндетті түрде қолдануға көшу, саланың жаңа талаптарға дайындығы, сондай-ақ құрылыс жобаларын іске асырудың барлық кезеңдерінде цифрлық модельдерді енгізу және пайдалану мәселелері талқыланды.

Бағдарламаның жеке бөлімі openBIM ашық стандарттарына, жасанды интеллектіні қолдануға, инженерлік деректерді басқаруға және құрылыс алаңдарында BIM-модельдерді пайдалануға арналды. Мастер-класс барысында қатысушылар ақпараттық модельдерге сараптама жүргізудің ерекшеліктерін, цифрлық модельдерді тексеруге дайындау тәртібін және жобалау ұйымдары жиі жіберетін қателерді қарастырды.

Жаңа талаптарды енгізудің практикалық мәселелері «ҚОАМТ енді міндетті: алғашқы айларда не кедергі, не көмектеседі?» атты панельдік пікірталаста да талқыланды. Сарапшылар өтпелі кезеңдегі негізгі қиындықтарды, нарық қатысушыларының дайындығын және туындайтын мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.

 Іс-шара аясында өткен buildingSMART Kazakhstan Awards 2026 марапаттау рәсімінде құрылысты цифрландыру және ашық стандарттарды қолдану саласындағы компаниялар мен мамандардың жетістіктері атап өтілді.

Сондай-ақ болашақ мамандардың цифрлық құрылыс саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған Student SMART Cup 2026 студенттік байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бірінші орынды Satbayev University, екінші орынды Shakarim University (Семей қаласы) иеленді.

Конференция құрылыс саласындағы цифрлық трансформацияның перспективаларын талқылау және тәжірибе алмасу үшін кәсіби қоғамдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді. BIM технологияларын енгізу, ашық стандарттарды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану жобалау сапасын арттыруға, құрылыс процестерінің тиімділігін жақсартуға және цифрлық шешімдердің өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндіктер ашады.