GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Министрлік туралы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Комитеттер
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
ҚТӨ Тізілімі туралы
Все материалы
Индустриялық даму
16 октября 2026
Ерсайын Нағаспаев Беларусь Республикасы Көлік және коммуникациялар министрі Алексей Ляхновичпен өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Беларусь Республикасы Көлік және коммуникациялар министрі Алексей Ляхновичпен кездесті.

Келіссөздер барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Беларусь арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның жалпы портфеліне құны $204,3 млн болатын, 1,7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 16 жоба кіреді. Оның ішінде 13 жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылған.

Кездесуге қатысушылар теміржол машиналарын жасау және құрамдас бөлшектерді өзара жеткізу салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін атап өтті.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі бірін-бірі толықтыратын өндірістік тізбектерді дамытудың келешегі зор екенін атап өтіп, осы бағыттағы ынтымақтастықты өрістетуді ұсынды. Қазақстан Беларусь теміржолының және басқа да бейінді кәсіпорындардың қажеттіліктері үшін теміржол дөңгелектерін және өзге де өнімдерді жеткізу көлемін арттыруға дайын.

«Біздің ортақ міндетіміз – жекелеген құрастыру жобаларын жүзеге асырудан екі елдің өнеркәсіптік әлеуетінің бір-бірін толықтыруына негізделген тұрақты бірлескен өндірістік тізбектерді қалыптастыруға көшу. Осыған байланысты қазақстандық кәсіпорындар Беларусь нарығындағы қатысу аясын кеңейтуге мүдделі», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Келіссөздер қорытындысы бойынша аталған мәселелерді нақты пысықтауға кірісу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

 

Индустриялық даму
16 октября 2026
Қазақстан Дүниежүзілік банктің металдар мен минералдар секторын дамыту жөніндегі жаһандық бастамасына қосылды

Қазақстан Дүниежүзілік банк тобының Metals and Minerals Compact жаһандық бастамасына қосылған Орталық Азия бойынша алғашқы ел атанды.

Қазақстанның аталған жаһандық бастамаға ресми түрде қосылу рәсімі биылғы 16 қазанда Таиландта өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы кездесулері аясында өтті. Қазақстан тарапынан рәсімге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев қатысты.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тау-кен металлургия кешенін дамыту және экономика салаларына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Металдар мен минералдар жөніндегі елдік стратегияны (Compact) әзірледі. Құжат 2026-2030 жылдарға арналған әріптестіктің негізгі бағыттарын айқындайды және Дүниежүзілік банк тобының қаржылық, талдамалық және техникалық қолдау құралдарын біріктіреді.

Compact Қазақстанның стратегиялық құжаттарына, оның ішінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына, 2023-2027 жылдарға арналған геология саласын дамыту тұжырымдамасына және 2024-2028 жылдарға арналған сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға негізделді. Негізгі бағдарлардың бірі – 2031 жылға дейін шамамен $20 млрд көлемінде инвестиция тартуға жәрдемдесу. Қаражатты минералдық-шикізат базасын кеңейтуге, өндіру және өңдеу кәсіпорындарын дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және қажетті инфрақұрылым құруға бағыттау көзделіп отыр.

Compact ынтымақтастықтың үш негізгі бағытын қамтиды:

Бірінші – тау-кен металлургия кешеніндегі мемлекеттік саясат пен реттеу тетіктерін жетілдіру. Бұл ашық әрі болжамды орта қалыптастыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ халықаралық экологиялық және әлеуметтік стандарттарды енгізуге қажетті жағдай жасайды.

Екінші – геологиялық барлау жұмыстарын, инфрақұрылымды және кадрлық әлеуетті дамыту. Басым бағыттар қатарында геологиялық деректерді цифрландыру, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын дамыту, металдарды өңдеудің заманауи технологияларын енгізу және білікті мамандар даярлау бар.

Үшінші – минералдық-шикізат өндіруге және терең өңдеуге жеке инвестициялар тарту. Бұл бойынша Дүниежүзілік банк тобының қаржылық және кепілдік құралдарын пайдалана отырып, инвестициялық жобаларды қолдау, қосылған құны жоғары өнім өндіретін кәсіпорындарды дамыту және халықаралық инвесторларды тарту көзделеді.

«Қазақстан минералдық-шикізат секторын жауапкершілікпен тұрақты дамыту қағидаттарын ұстанады. Дүниежүзілік банк тобымен ынтымақтастық шикізат өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейту жөніндегі ұлттық басымдықтарды жүзеге асыруға ықпал етеді. Біз саланың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және еліміздің табиғи ресурстық әлеуетін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретін әріптестікті одан әрі нығайтуға ниеттіміз», – деп атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Келісімді жүзеге асыру шикізатты терең өңдеуді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның жаһандық өндірістік тізбектердегі позициясын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
15 октября 2026
Қазақстанда кәріз желілерінің жартысынан астамы тозған — 45 қалада бұл мәселе қалай шешіледі?

Қазақстандағы кәріз желілерінің жартысынан астамы тозған, ал тұрғын үйлер мен кәсіпорындардан шығатын сарқынды суларды қабылдайтын тазарту құрылыстарының орташа тозу деңгейі 65%-дан асады. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (МЭКС) аясында еліміз бойынша 7,8 мың шақырым су құбыры мен кәріз желілерін жаңарту, сондай-ақ 45 қалада тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Ауқымды жаңғырту жұмыстарына шамамен 1,9 трлн теңге қарастырылған.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Ұлттық жоба тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханалар мен кәсіпорындарды күнделікті сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланылған суды бұру мен тазартуға қажетті инфрақұрылымды қамтиды. Жобаны іске асыру аясында тозған коммуналдық желілер мен құрылыстарды кезең-кезеңімен жаңарту көзделген.

Еліміздегі су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 111 мың шақырымды құрайды, оның 38%-ы тозған. Ал кәріз желілеріндегі жағдай күрделірек. Жалпы ұзындығы 18 мың шақырым болатын кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ға жеткен. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 33% және 41%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін шамамен 5 мың шақырым су құбыры желісін жаңартуға 700 млрд теңге, ал 2,8 мың шақырым кәріз желісін жаңғыртуға 400 млрд теңге қарастырылған. 2026 жылдың қорытындысы бойынша су құбыры желілерінің тозу деңгейін 37%-ға, кәріз желілерінің тозуын 52%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Брифинг барысында жаңғырту жұмыстарының қазіргі барысы да таныстырылды. МЭКС аясында жалпы құны 356 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 146 жоба іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұр. Оның ішінде 157 млрд теңгеге бағаланған 95 жоба су құбыры желілерін жаңартуға, ал құны 199 млрд теңге болатын 51 жоба кәріз инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.

Қазіргі уақытта 69 жоба іске асырылып жатыр, 23 жоба екі кезеңдік іріктеуден өтіп, конкурстық рәсімдерге дайындалуда, ал қалған 54 жоба қажетті келісу рәсімдерінен өтуде.

Бұдан бөлек, 2026 жылы бюджет қаражаты есебінен сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 345 жобаны іске асыруға 309 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат қалалар мен ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған.

Брифингке қатысушылар тазарту құрылыстарының жай-күйіне де жеке тоқталды. Тозған құбырларды ауыстыру мәселенің бір бөлігін ғана шешеді. Өйткені тұрғын үйлерден, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардан шығатын пайдаланылған су кәріз желілері арқылы арнайы тазарту құрылыстарына жеткізіліп, қоршаған ортаға ағызылар алдында тазартудан өтеді. Бұл нысандардың жай-күйіне кәріз жүйесінің жұмысы ғана емес, елді мекендердің санитариялық және экологиялық қауіпсіздігі де байланысты.

Еліміздегі тазарту құрылыстарының орташа тозу деңгейі 65%-дан асады. Сондықтан ұлттық жобаның жеке бағыттарының бірі ретінде 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау белгіленген. Бұл жұмыстарға шамамен 800 млрд теңге қарастырылған.

«Біздің міндетіміз — жекелеген учаскелерді ғана емес, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін кешенді түрде жаңарту. Егер сарқынды сулар келіп түсетін тазарту құрылыстары тозған жабдықтармен жұмысын жалғастыра берсе, ескі құбырларды ауыстырудың өзі жеткіліксіз. Сондықтан жаңғырту жұмыстары су құбыры желілерін де, кәріз жүйелерін де, тазарту нысандарын да қамтиды. Түпкі мақсат — тұрғындарды сенімді коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету және қалаларда ұзақ мерзімді пайдалануға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру», — деп атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.

Брифингте қаралған тағы бір маңызды мәселе — сумен жабдықтау саласын цифрландыру. Желілерді ауыстыру және тазарту құрылыстарын реконструкциялаумен қатар, су арналары кәсіпорындарына жабдықтардың жұмысын, су шығыны мен желілердегі қысымды бақылауға, су ағуын дер кезінде анықтауға және апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін бақылау жүйелері енгізілуде.

Бірінші кезеңде 25 қаладағы 32 сумен жабдықтау кәсіпорны автоматтандыру және есепке алу құралдарын енгізу бойынша жалпы сомасы 54 млрд теңгені құрайтын өтінім берді. Оның ішінде 12 млрд теңгеге бағаланған сегіз өтінім бойынша мердігерлермен шарттар жасалды, ал 17 млрд теңгені құрайтын тағы жеті өтінім конкурстық рәсімдер кезеңінде тұр. Осындай жұмыстар басқа 62 су арнасы кәсіпорнымен де жүргізілуде.

Айта кетейік, цифрландырудың негізгі құралдарының бірі әзірлену сатысындағы Smart Turmys бірыңғай платформасы болмақ. Ол абоненттер, су тұтыну көлемі, коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді есептеу және төлеу туралы мәліметтерді біріктіреді. Бұл коммуналдық кәсіпорындарға өзекті деректермен жұмыс істеуге, ал тұрғындарға есеп айырысу туралы неғұрлым ашық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, брифинг барысында интеллектуалды есепке алу құралдарына көшу тәртібі түсіндірілді. Есептегіштерді ауыстыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Тексеруден өткен, жарамды және өндіруші белгілеген пайдалану мерзімі аяқталмаған есептегіштерді мерзімінен бұрын ауыстыру талап етілмейді.

Еске сала кетейік, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, елімізде халықты мемлекеттік қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. 2026 жылы ауыз су беру қызметінің құнын субсидиялауға 28 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат есебінен мемлекет кәсіпорындарға қызмет құнының бір бөлігін өтейді. Нәтижесінде тұрғындар суды оның толық өзіндік құнынан төмен тариф бойынша тұтына алады.

Бұдан бөлек, коммуналдық шығындары жергілікті мәслихаттар белгілеген отбасы табысының шекті үлесінен асатын азаматтарға тұрғын үй көмегі қарастырылған. Бүгінгі таңда осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерден 400 млн теңге төленіп, шамамен 8 мың алушыға қолдау көрсетілді.

14 октября 2026
POWER TRENDS форумында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және отандық өндірісті дамыту мәселелері талқыланды

2026 жылғы 14 қазанда POWER TRENDS форумы аясында «МЭКС ұлттық жобасы және электр энергетикасы саласын дамыту. Қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» тақырыбында панельдік сессия өтті. Қатысушылар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін талқылады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері Олжас Сапарбеков пен Дархан Мырзабаев, сондай-ақ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков қатысты.

Өз сөзінде вице-министр Олжас Сапарбеков МЭКС ұлттық жобасы аясында отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін таныстырды. Бүгінгі таңда мамандандырылған платформада материалдар мен жабдықтарға жалпы қажеттілігі 95,9 млрд теңгені құрайтын 88 жоба орналастырылған. Барлығы 2 118 тапсырыс қалыптастырылып, 1 088 баға ұсынысы түскен, оның 688-і қабылданған. Қазақстандық кәсіпорындардың қатысу аясын кеңейту мақсатында Отандық тауар өндірушілер тізілімімен және E-PSD жүйесімен интеграцияланған арнайы сатып алу модулі қарастырылған. Алдағы жұмыс өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, сатып алу рәсімдерін жетілдіруге және офтейк-келісімшарттар жасасуға бағытталатын болады.

Вице-министр Дархан Мырзабаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландырудың негізгі бағыттарын, оның ішінде Smart Turmys және WaterTech платформаларын дамыту мәселелерін таныстырды. Smart Turmys платформасы абоненттер мен нысандар, коммуналдық төлемдер және ресурстарды тұтыну туралы деректерді біріктіруді көздейді. Ал WaterTech платформасы сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне мониторинг жүргізуге, су шығындарын, апаттылық деңгейін және инженерлік желілердің жай-күйін талдауға арналған. Сонымен қатар Smart Turmys платформасын банктік қосымшалармен интеграциялау мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл азаматтарға коммуналдық төлемдердің есептелуі, ресурстарды тұтыну көлемі және есепке алу аспаптарын салыстырып тексеру мерзімдері туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Цифрлық талдау құралдарын қолдану коммуналдық саланың ашықтығын арттырып, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жоспарлау тиімділігін жоғарылатуға ықпал етеді.

Комитет төрағасы Бақытжан Жүнісбеков сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту мәселелеріне тоқталды. Саланы дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру кезеңінде 9,5 мың шақырымнан астам желі реконструкцияланып, кеңейтілді. Сонымен қатар су құбыры желілерінің тозу деңгейі 38%-ды, ал кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ды құрайды. Инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту үшін 1,9 трлн теңге тарту жоспарлануда. Бұл 5 мың шақырым сумен жабдықтау және 2,8 мың шақырым су бұру желілерін жаңартуға, сондай-ақ 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу мен реконструкциялауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта МЭКС порталында жалпы құны 340,2 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 129 жоба орналастырылған. Оның ішінде құны 123,3 млрд теңге болатын 67 жоба бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, жеңімпаздар анықталды. Ал жалпы сомасы 111,2 млрд теңгені құрайтын 63 жоба бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды. Кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғыртуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда жобалау-іздестіру жұмыстарын қоса алғанда, іске асырудың әртүрлі кезеңінде 11 кәріз-тазарту құрылысы жобасы бар. 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33%-ға, ал су бұру желілерінің тозу деңгейін 41%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен бірлесіп, қазақстандық өндірушілер арасындағы кооперацияны дамыту және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылатын жобаларда отандық өнімдерді пайдалану үлесін арттыру бағытында жұмыс жүргізуде.

Форум аясында «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ төрағасының қатысуымен ынтымақтастық туралы алты келісімге қол қойылды. Келісімдерге «Qarmet» АҚ, «ТЭМПО-Казахстан» ЖШС, «Павлодарский трубопрокатный завод» ЖШС, «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ, «Стальцинк» ЖШС, «Казахстанский арматурно-изоляторный завод» ЖШС, «DSO Partner» ЖШС және «Кентауский трансформаторный завод» АҚ қатысты. Қол қойылған келісімдер инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында елішілік құндылық үлесін арттыруға, отандық өндірісті дамытуға және импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға бағытталған.

14 октября 2026
Душанбе қаласында Орталық Азияға арналған бірыңғай сейсмикалық нормаларды әзірлеу жұмыстары басталды

Бүгін Душанбе қаласында «Орталық Азияға арналған бірыңғай сейсмикалық нормаларды әзірлеу» жобасы бойынша жұмыс тобының халықаралық кеңесі басталды. Екі күнге — 14–15 қазанға жоспарланған іс-шара Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ХҒТО) қатысуымен ұйымдастырылды.

Кеңеске Қазақстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының өкілдері, сондай-ақ Канада мен АҚШ-тан келген халықаралық сарапшылар қатысуда.

Бірыңғай сейсмикалық нормаларды әзірлеу бастамасын «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамы (ҚазНИИСА АҚ) көтерді. Жұмыс Орталық Азия елдерінің нормативтік талаптарын жақындастыруға, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға және сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Екі күн ішінде қатысушылар сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы қолданыстағы ұлттық нормаларды, есептік сейсмикалық жүктемелерді анықтау әдістерін және ғимараттар мен құрылыстарды жобалаудың заманауи тәсілдерін қарастырады. Сондай-ақ Жапония, Түркия, Канада және АҚШ тәжірибесіне ерекше назар аударылады. Бұл тәжірибені өңір елдерінің нормативтік базасын жетілдіру кезінде пайдалану мүмкіндіктері талқыланады.

Бірыңғай сейсмикалық нормаларды әзірлеу әр елдің ерекшеліктері мен тәуекелдерін ескере отырып, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін қамтамасыз етудің келісілген тәсілдеріне негіз қалыптастыруды көздейді. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің ғылыми және инженерлік әлеуетін біріктіріп, сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы мамандардың өзара ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша жобаны іске асырудың келесі кезеңдері талқыланып, нормативтік талаптарды жетілдіру және сейсмикалық қауіпті аймақтардағы ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздігін арттыру бағытындағы бірлескен жұмыстың басымдықтары айқындалады.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
14 октября 2026
ЭКСЖ ұлттық жобасының іске асырылу барысы министрліктің қатаң бақылауында – Ерсайын Нағаспаев

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылтай депутаты Бахадыр Нарымбетовтің нысандардың әлеуметтік маңыздылығын, тозу деңгейін және басқа да көрсеткіштерді ескере отырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражатты басымдықтарға сәйкес бөлу мәселесіне қатысты сұрағына жауап берді.

Ерсайын Нағаспаев Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба (ЭКСЖ) аясында 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 38%-дан 33%-ға дейін, ал су бұру желілерінің тозу деңгейін 54%-дан 41%-ға дейін төмендету көзделіп отырғанын атап өтті. Жобаларды іріктеудің нақты критерийлері белгіленген. Атап айтқанда, желілердің тозу деңгейі, стратегиялық және әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ апаттар саны ескеріледі.

«Біз өңірлердің қажеттіліктерінен хабардармыз, қазіргі уақытта барлық ақпарат қолымызда бар. Биылдан бастап республикалық бюджеттен өңірлерге қаражат тек жалпы сипаттағы трансферттер тетігі арқылы бөлінеді. Ұлттық жобаның іске асырылу барысы министрліктің қатаң бақылауында болады», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Жер қойнауын пайдалану
Жер қойнауын геологиялық зерттеу
Министрлік жетекшілік ететін салаларды цифрландыру
14 октября 2026
Жеті перспективалы учаске жаңа технологиялардың көмегімен анықталды – Ерсайын Нағаспаев құрылтай депутаттарының сұрақтарына жауап берді

«2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралған Құрылтай отырысында депутаттар Үкімет мүшелеріне бірқатар сұрақ қойды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа депутат Вадим Басин алдағы үш жылда геология саласында жоспарланған зерттеу жұмыстарына қатысты сауал жолдады.

«Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу және еліміздің шикізаттық базасын толықтыру – стратегиялық міндет. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2,2 млн шаршы шақырым аумақтағы өңірлік геологиялық зерттеу жұмыстарын аяқтаймыз. Бұл еліміздің негізгі геологиялық картасы болады. Соңғы 30 жылда алғаш рет жер қойнауын 1:50 000 масштабында егжей-тегжейлі зерттеуге кірістік. Бұл – іздеу жұмыстарының алдындағы кезең. Қазірдің өзінде 100 мың шаршы шақырым аумақта 20 жоба әзірленді. Сирек және жерде сирек кездесетін металдарды іздеуге баса назар аударылады», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Министр зерттеу жұмыстарында тек заманауи әдістер қолданылатынын атап өтті. Олардың қатарында ғарыштық спутниктер арқылы Жерді қашықтан зондтау, аэрогеофизикалық түсірілім және ауыр жабдықтарды тасымалдай алатын заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттары бар. Сондай-ақ мамандар алғаш рет тек Аустралия мен Канадада қолданылатын Ionic Leach атты геохимиялық әдісті пайдаланып жатыр. Алынған деректер жасанды интеллект бағдарламаларының көмегімен талданады.

«Қазірдің өзінде нақты нәтижелер де бар. Соңғы үш-төрт жылда біз шамамен 20 перспективалы учаскені анықтасақ, соңғы екі-үш айдың өзінде осындай 7 учаске белгіленді. Жыл соңына дейін олардың әлеуетін бұрғылау арқылы растаймыз деп ойлаймын.

Біз тек далалық жұмыстармен шектелмейміз. Заманауи технологиялардың көмегімен 4,8 млн бірлік ақпарат цифрландырылды. Бұлар – жалпы көлемі 500 терабайт ақпаратты құрайтын бұрынғы есептер, карталар, сызбалар мен суреттер. Жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар алдағы жылдарда да жалғасады. Мұның бәрі мемлекеттің осы салаға қосымша инвестиция тартуына септігін тигізетін геологиялық дерекқорды қалыптастыру үшін жасалып жатыр», – деп түйіндеді министр.

13 октября 2026
Биылғы 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 8,6%-ға өсті

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларында оң динамика байқалып, жиынтық өсім 8,6%-ды құрағанын баяндады.

Өсім машина жасау (+22,8%), химия өнімдері (+23,4%), құрылыс материалдары (+5,9%), резеңке және пластмасса бұйымдары (+18,1%), жеңіл өнеркәсіп (+62,4%) және басқа да салаларда тіркелді.

«Өсімнің негізгі факторы жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы болды. Бүгінгі таңда жалпы құны 642 млрд теңгеден асатын 106 жоба пайдалануға беріліп, шамамен 8 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Олардың қатарында натрий сульфаты, тамшылатып суару жүйелері, ламинат, кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар және басқа да өнім түрлері бар. Жыл соңына дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», – деп атап өтті вице-министр.

Металлургия өнеркәсібінде биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 98,2%-ды құрады. Кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралардың арқасында алдыңғы айлармен салыстырғанда көрсеткіш 0,9%-ға жақсарды.

Отандық өндірушілер металлургия кәсіпорындарына мыс, мырыш және құрамында алтыны бар шикізатты жеткізу көлемін арттырып, мырыш концентратын беруді қайта жандандырды. Қажетті шикізатты импорттау жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, отандық кәсіпорындардың шикізаттық базасын кеңейту үшін шетелдік серіктестермен тауар жеткізілімдерін өзара есепке алу тетігі пысықталып жатыр.

Сонымен қатар өңдеуге арналған тарифтерді есептеудің жаңа әдістемесін енгізу арқылы мыс концентратын ел ішінде өңдеу көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл отандық қайта өңдеу саласының экономикалық тартымдылығын арттыруға, мыс концентратын шетелге шығаруды қысқартуға және оны ел ішінде тереңірек өңдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, жоспарланған көрсеткіштерге қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру және жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы қол жеткізіледі.

Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 22,8%-ға артты. Бұған көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, сондай-ақ әртүрлі жабдықтар мен тұрмыстық техниканы өндіру көлемінің артуы есебінен қол жеткізілді. Биылғы 9 айда Қазақстанда 144 мың автокөлік құралы өндірілді. Оның 136 мыңнан астамы – жеңіл автокөлік, шамамен 1,8 мыңы – автобус және 5,8 мыңға жуығы – жүк көлігі мен арнайы техника. Көрсеткіштердің артуы ішкі сұраныстың өсуіне және бұрын іске қосылған жобалардың жоспарлы қуатына шығуына байланысты. Салаға бағытталған салықтық және кедендік жеңілдіктер де қосымша қолдау болып отыр. Атап айтқанда, тұрмыстық техниканы сату кезінде қосылған құн салығынан босату шарасы келесі жылдың соңына дейін қолданылады. Өндірісті локализациялау деңгейін арттыру және Samsung тәрізді ірі халықаралық өндірушілерді тарту мақсатында осы жеңілдіктің қолданылу мерзімін неғұрлым ұзарту ұсынылып отыр.

Жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 62,4%-ға өсті. Тоқыма бұйымдарын өндіру көлемі – 91,1%-ға, киім-кешек өндірісі – 27%-ға, былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі 22,9%-ға ұлғайды.

Химия өнеркәсібінде полипропилен, аммофос және каустикалық сода өндірісінің ұлғаюы есебінен өндіріс көлемі 23,4%-ға артты. Құрылыс ерітінділерін, цемент және бетоннан жасалған құрастырмалы конструкцияларды өндіру көлемінің артуына байланысты құрылыс материалдарының өндірісі 5,9%-ға өсті.

Елімізде жыл басынан бергі 9 айда құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 7,8 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға артты. Өңірлердің басым бөлігінде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары көлемінің елеулі өсімі Ұлытау, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында тіркелді.

Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 13,2 млн шаршы метрді құрады. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 12,9 млн шаршы метр болған еді. Осылайша, өсім 2,7%-ды құрады. Өсім 17 өңірде тіркелді, ал ең жоғары көрсеткіштер Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарына тиесілі болды.

«Министрлік өндірісті локализациялау деңгейін арттыру, қолданыстағы кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы өзі жетекшілік ететін салалардағы өсім қарқынының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды жалғастыра береді», – деп түйіндеді сөзін вице-министр. 

13 октября 2026
Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдарды бірлесіп өңдеу мүмкіндіктерін талқылады

Қазақстанның Еуропалық одақ аса маңызды деп таныған 34 минералдың 21 түрін жеткізуге мүмкіндігі бар. Еліміз шикізатты терең өңдеуді, жоғары технологиялық материалдар шығаруды және еуропалық серіктестермен бірлескен өндірістерді дамытуды көздеп отыр.

Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков 12 қазанда Астанадағы Назарбаев Университетінде өткен Қазақстан–Бельгия семинарында мәлімдеді. Жиынға екі елдің өнеркәсіп, ғылым және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

2018 жылдан бері Қазақстанда геологиялық зерттеулерге 67 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 2 млн шаршы шақырымнан астам аумақ зерттелді. 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға жетеді деп болжануда. Сирек жер металдарын іздестіру жұмыстары жүргізілген 11 алаңда игеруге әлеуеті бар 38 учаске анықталды.

Елімізде тантал, ниобий, бериллий өндірісі жолға қойылған, сондай-ақ молибден мен рений алынады. Жылына 15 тонна галлий өндіретін кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Қазақстан аккумулятор материалдарын, арнайы қорытпаларды, жартылай өткізгіш материалдар мен тұрақты магниттерді өндіруге басымдық беріп отыр. 

«Қазіргі әлеуетіміз бен мүмкіндіктерімізді ескерсек, Қазақстан аса маңызды шикізат саласында бастапқы өндіру мен түпкілікті өнім шығарудың арасындағы өңдеу буынына, яғни Midstream индустриясына маманданған ел ретінде әлемдік нарықта өзіндік орын ала алады», – деді Олжас Сапарбеков.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Еуропалық одақ институттарының қатысуымен Сирек жер металдарын зерттеу жөніндегі өңірлік ғылыми орталықты құру жұмыстары жүргізілуде. Еуропалық қайта құру және даму банкі жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді қолдады. Еуропалық комиссияның қолдауымен геохимиялық, төрелік сараптама және ғылыми-металлургиялық зертханалар кешенінің құрылысын 2027 жылы бастап, 2028 жылы іске қосу жоспарланған.

Бельгиямен ынтымақтастықтың төрт бағыты ұсынылды: шикізатты өңдеу, металдарды бөлу және тазарту, инженерлік шешімдер мен жабдықтар, логистика және қаржыландыру. Бірлескен жобалар аясында гидрометаллургия, сирек жер металдарының оксидтерін бөлу, қайталама шикізатты өңдеу және өндіріс орындарын жаңғырту мүмкіндіктері қаралды. 

«Біз өңдеу өндірісін қажетті технологиялармен және кәсіби құзыреттермен бірге кезең-кезеңімен Қазақстанға көшіруді көздейтін ынтымақтастық үлгілерін талқылауға дайынбыз», – деді вице-министр.

Сондай-ақ дайын өнімді Еуропаға жеткізуде Антверпен портының мүмкіндіктерін пайдалану және бірлескен жобаларды еуропалық қаржы құралдары мен қазақстандық мемлекеттік қолдау шаралары арқылы қаржыландыру мәселелері көтерілді.

Семинарда Molymet және Lindian Kazakhstan компаниялары өз тәжірибелерімен бөлісті. Талқылау қорытындысында жауапты серіктестері мен алғашқы техникалық қадамдары айқындалған нақты бірлескен жобалар тізбесін әзірлеу жоспарланып отыр.

12 октября 2026
Қазақстандық ғылыми әзірлеме Қытайда өткен ERSGIT 2026 конференциясында халықаралық деңгейде мойындалды

ҚР ӨҚМ «Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталық» РМК филиалы – Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты (бұдан әрі – Д.А. Қонаев атындағы ТКИ) ғалымдарының ғылыми жұмысы Қытайдың Нанкин қаласында өткен қоршаған ортаны қашықтан зондтау және геоақпараттық технологиялар жөніндегі V халықаралық ERSGIT 2026 конференциясында «Best Oral Presentation Award» (Үздік ауызша баяндама үшін марапат) наградасына ие болды. Форум Нанкин ақпараттық ғылымдар және технологиялар университетінің (Nanjing University of Information Science and Technology) базасында өтті.

Д.А. Қонаев атындағы ТКИ ғалымдары су басқан Мирғалымсай кен орны мен оған іргелес Кентау қаласының аумағындағы деформацияларды кеңістіктік-уақыттық талдау нәтижелерін, сондай-ақ тау-кен кәсіпорындарындағы деформацияларды бақылауға арналған GeoMonitor.AI геоақпараттық веб-жүйесін әзірлеу нәтижелерін ұсынды.

Зерттеу жұмысы PS-InSAR (Persistent Scatterer Interferometric Synthetic Aperture Radar – тұрақты шағылдырғыштар бойынша радиолокациялық интерферометрия) және SBAS-InSAR (Small Baseline Subset Interferometric Synthetic Aperture Radar – қысқа базалық сызықтар жиынтығы бойынша радиолокациялық интерферометрия) спутниктік радиолокациялық интерферометрия әдістерін жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің (GNSS) деректерімен ұштастыра қолдануға негізделген. Бұл кешенді тәсіл жер бетінің шөгу және көтерілу аймақтарын анықтауға, көлденең бағыттағы ығысуларды бағалауға және қосымша жерүсті зерттеуін қажет ететін учаскелерді белгілеуге мүмкіндік береді. Жұмыстың практикалық маңызы деформациялық үдерістерді бақылау жүйесін жетілдірумен және тау-кен өндіру кәсіпорындарындағы қауіпсіздікті арттырумен байланысты.         

GeoMonitor.AI геоақпараттық веб-жүйесі (https://geomonitor.igd.com.kz:8080) кешенді жерүсті және ғарыштық мониторинг деректерін жинауға, талдауға және визуализациялауға арналған. Жүйе спутниктік InSAR талдауының нәтижелерін, GNSS бақылауларының деректерін, картографиялық қабаттарды, ықтимал қауіпті деформация аймақтары, суффозиялық-карстық үдерістердің даму қаупі бар учаскелер және қалалық инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтерді біріктіреді.

Жүйе мониторинг нәтижелерін интерактивті картада көрсетіп қана қоймай, ығысулардың уақыттық қатарларын талдауға, әртүрлі бақылау әдістерінің деректерін салыстыруға және одан әрі жерүсті бақылауын жүргізу үшін басым учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді. Әзірленген жүйе тау-кен бөліністерінің аумақтарын, оларға іргелес елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарын мониторингтеу кезінде қолданылады.

«Біз үшін заманауи бақылау әдістерін практикалық цифрлық құралға біріктіруге болатынын көрсету маңызды болды. GeoMonitor.AI жекелеген деректерді кешенді аумақтық талдауға көшуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе тау-кен өндіру өңірлері мен оларға іргелес елді мекендер үшін аса маңызды», – деп атап өтті Д.А. Қонаев атындағы ТКИ-дің жетекші ғылыми қызметкері Амина Балтиева.

Алынған марапат зерттеу нәтижелерінің халықаралық маңыздылығын растап, тау-кен өндіру саласына арналған заманауи цифрлық шешімдерді әзірлеудегі қазақстандық ғылымның әлеуетін көрсетеді. Конференцияға қатысу шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға, халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға және спутниктік мониторинг пен геоақпараттық технологиялар саласындағы болашақ зерттеулердің перспективаларын айқындауға да ықпал етті.

Социальные сети
Instagram
Facebook
Telegram
Youtube
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы