Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтерінің өзара іс-қимылын кеңейтіп келеді

ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев Құрылтай депутаттарына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын таныстырды.
Аталған келісім былтыр 15 қарашада Ташкентте жасалып, кеден саласындағы өзара іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға бағытталған. Құжатта жедел ақпарат алысып, ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісу мен құзырлы органдардың іс-қимылдарын үйлестіру қарастырылған.
Қазір Қазақстан-Өзбекстан шекарасында 11 өткізу пункті жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 8 автомобиль және 3 теміржол өткізу орны бар. 2025 жылы «Қапланбек», «Қазығұрт» және «Атамекен» өткізу пункттерін жаңарту жұмыстары аяқталды. Таяуда «Жібек Жолы» өткізу пунктін пайдалануға беру жоспарланған.
Жаңғырту жұмысы жолаушыларды, жүк және автомобиль көлігін қабылдауды бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. 9 айда өткен көлік саны 650 мыңға жетті.
«Осы келісімді ратификациялау Қазақстан мен Өзбекстанның кеден қызметтерінің өзара іс-қимылының қосымша институционалды тетігін жолға қояды. Бұл кеден саласын басқарудың тиімділігін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға және мемлекеттеріміз арасындағы өзара сауданы дамытуға әсер етеді», деп атап өтті Мәди Төкешұлы.
Келісімді орындау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражатты бөлуді, кеден заңнамасына өзгерістер енгізуді қажет етпейді және бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсерін тигізбейді.