Қазақстан мен БҰҰ-Хабитат 2025 жылға арналған жоспарларды белгіледі

Аддис-Абеба, 2025 жылғы 16 қаңтар – Қазақстан Республикасы мен БҰҰ-ның елді мекендері жөніндегі бағдарламасы (БҰҰ-Хабитат) өкілдері арасында онлайн кездесу өтті. Кездесуге Қазақстан тарапынан Эфиопия мен Кениядағы (қоса атқарушы) Қазақстан Елшісі, Африка Одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Б.Садыков, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары А.Зебешев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Д.Теменов, ал БҰҰ-Хабитат тарапынан – БҰҰ-Хабитат Атқарушы директорының орынбасары М.Млынар қатысты.
Кездесу барысында тараптар 2025 жылға арналған ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Ерекше назар тұрақты қалалық даму, инфрақұрылымды жаңғырту және ыңғайлы әрі экологиялық таза қалалық орта құру бойынша бірлескен жобаларға аударылды.
Тараптар инновациялық шешімдерді енгізуге, экологиялық тұрақты жобаларды қолдауға және қалаларды климаттың өзгеруіне бейімдеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға бағытталған бастамаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан мен БҰҰ-Хабитат арасындағы өзара сапарларды, іс-шараларды ұйымдастыруды және ынтымақтастық туралы меморандум әзірлеуді қамтитын келісімге қол жеткізілді.