Қазақстан мен Эфиопия эфиопиялық тауарларға арналған хаб құру перспективаларын талқылады

Аддис-Абеба, 2026 жылғы 27 қазан – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінің бастамасымен Қазақстанның осы елдегі Елшісі Ж.Әділбаевтың Эфиопия кофе және шай агенттігінің Бас директоры А.Дебеламен кездесуі өтті.
Кездесу басында Қазақстан Елшісі қазақстандық тараптың 2026 жылғы қыркүйекте Нью-Дели қаласында XVIII БРИКС саммиті аясында өткен екі елдің саяси көшбасшыларының қол жеткізген уағдаластықтарын бірлесіп іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Бас директор А.Дебела қазақстандық тараптың одан әрі ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ұсынысын, оның ішінде Қазақстанда кофе мен шайды қоса алғанда, экспортталатын эфиопиялық тауарларға арналған хаб құру туралы бастамасын қолдады.
Сондай-ақ кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық перспективаларын талқылап, елдер арасындағы тауар айналымының серпінді өсімін, оның ішінде екі елдің жалпы сауда көлемінде үлкен үлеске ие Қазақстанға кофе экспортының айтарлықтай артқанын атап өтті.
Бұдан басқа, сұхбаттасушылар ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды дамыту үшін іскер топ өкілдерінің өзара сапарларының маңыздылығын атап көрсетті, сондай-ақ екі елдің аумағында өткізілетін кофе және шай индустриясына арналған халықаралық іс-шаралар мен мамандандырылған көрмелер туралы ақпаратпен алмасуды жүзеге асыруға уағдаласты.
Әңгіме соңында тараптар осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мен кеңейту үшін практикалық қадамдарды кезең-кезеңімен әзірлеу бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.