Жиі қойылатын сұрақтар
«Азаматтық қорғау туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес (66-3 - бап) өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызмет уәкілетті органның ведомствосы берген өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат болған кезде жүзеге асырылады.
Рұқсат беру тәртібі (құжаттар тізбесі, мерзімдері және т.б.) «Өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы» ТЖМ-нің 2025 жылғы 28 тамыздағы №372 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде 2025 жылғы 29 тамызда №36734 болып тіркелген).
Осы бұйрыққа сәйкес тиісті рұқсат ТЖМ-нің 2025 жылғы 14 тамыздағы №322 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде 2025 жылғы 20 тамызда №36640 болып тіркелген) бекітілген рұқсат талаптарына сәйкес болған кезде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге берілетін болады.
Жоғарыда көрсетілген ТЖМ-нің бұйрықтары және рұқсат беру талаптары «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырылған.
Рұқсат беру 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап «электрондық үкіметтің» веб-порталының «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда мемлекеттік қызмет түрінде жүзеге асырылатын болады.
Өрт автоматикасы жүйелері мен қондырғыларын монтаждау жұмыстары жобалау-сметалық және жұмыс құжаттамасына, жұмыс өндірісі жобасы мен дайындаушы-кәсіпорынның техникалық құжаттамасына сәйкес жүргізіледі.
Өрт автоматикасы жүйелері мен қондырғыларын монтаждауды тиісті біліктілігі және электр жабдығымен жұмыс істеуге рұқсаты бар жұмыскерлер жүзеге асырады.
Ғимараттар, үй-жайлар мен құрылыстардың өрт автоматикасы жүйелерін ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 2-тарауында белгіленген.
Жалпы әртүрлі мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар үшін автоматты өрт сөндіру жүйелерін және өрт дабылдау жүйелерін жобалауға қойылатын талаптар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде ҚР ҚН 2.02-02-2023 «Ғимараттар мен құрылыстардың өрт автоматикасы» және ҚР ҚН 2.02-102-2023 «Ғимараттар мен құрылыстардың өрт автоматикасы» құжаттарында белгіленген.
"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңға сәйкес объектілер құрылысының сапасын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және қадағалау, "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген осы объектілердегі сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану, сондай-ақ жобалық құрылыстың сапасын қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру құжаттаманы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Осыған байланысты, ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу сатысында жол берілген өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын анықтаған кезде аумақтылығы бойынша тиісті әкімдіктерге жүгіну қажет.
ҚР ҚН 3.02-02-2023 «Бір пәтерлі тұрғын үйлерді және олардың инженерлік жүйелерін жобалау» 5.3.10-тармағына және Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 154-1 тармағына сәйкес, тұрғын үй-жайлар автономды оптика-электронды түтіндік өрт хабарлағыштарымен жабдықталады.
Мұндай талап өрттің уақтылы анықталуын қамтамасыз етуге, адамдарды эвакуациялау үшін шаралар қабылдауға, өрттің таралуын шектеуге, адам өлімі мен материалдық залал қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Автономды өрт датчиктері - бұл өздігінен жұмыс істейтін және өрт дабылы жүйелеріне қосылмайтын тұрмыстық өнім. Оларды пайдалану оңай.
Өрт хабарлағыштары үшін сертификаттың болуы, сондай-ақ толық техникалық және пайдалану сипаттамасы (нұсқаулық, орнату бойынша ұсынымдар, кепілдік міндеттемелер) болуы міндетті.
ТЖМ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан барлық адамдар үшін міндетті болып табылатынына назар аударады. Тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі олардың иелеріне толығымен жүктеледі.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ТЖМ қызметі басты назарда болатын негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуге бағытталған шаралар кешені қабылдануда.
Біріншіден, әр өңірде азаматтармен ауқымды үгіт-профилактикалық іс-шаралар (кездесулер, әңгімелер, нұсқамалар, рейдтер, азаматтармен жиындар, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жадынамалар тарату) өткізіледі.
Екіншіден, әлеуметтік осал отбасылармен нүктелік (атаулы) түсіндіру жұмыстары жүргізілуде (профилактикалық сапарлармен көп балалы отбасылар, мүгедек отбасылар немесе бейәлеуметтік өмір сүрушілер қамтылады).
Үшіншіден, балабақшалардан бастап және бүкіл мектеп кезеңінде балалармен тікелей жұмыс жүргізіледі.
Еліміздің барлық оқу орындарында қауіпсіздік мәселелерін зерделей отырып, сынып сағаттары өткізіледі.
ТЖ кезінде қауіпсіз мінез-құлық бойынша білім деңгейін арттыру үшін білім беру ұйымдарында оқушылар мен оқытушыларды тарта отырып, нұсқамалар мен оқу орындарының ғимараттарынан қауіпсіз эвакуациялау бойынша оқу-жаттығулар өткізіледі.
Өскелең ұрпақты ТЖ-ға жан-жақты дамыту және дайындау, ТЖ іс-қимыл дағдыларын алу және жетілдіру мақсатында өңірлердің білім беру ұйымдарының базасында 2,5 мыңға жуық «Жас құтқарушы» үйірмелері және т.б. құрылды.
Алайда, барлық жерде өткізілетін іс-шаралар кешеніне қарамастан, балалардың өлімі мен жарақат алу жағдайлары жалғасуда. Трагедияның көпшілігі балаларды қараусыз қалдыруға, сондай-ақ ересектердің өрт қауіпсіздігінің қарапайым шараларын сақтамауына байланысты (электр желілерін шамадан тыс жүктеу, жылыту пештері мен электр жүйелерін уақтылы жөндемеу, мұржаларды күйеден тазарту).
«Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңға сәйкес уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ-сы бар электрондық құжат қағаз құжатқа теңестіріледі.
Түпнұсқаны дәл қайталайтын бағдарламалар қолданылған жағдайда хаттамалар мен куәліктердің қағаз нұсқаларына ұқсас электрондық нұсқаларын пайдалануға рұқсат етіледі.
Заңды тұлғалар арасындағы шарттарды орындау кезінде интернетсіз шалғай аудандарда қызметкерлерді оқытатын ұйымдардың қажеттіліктерін ескеру маңызды.
Комиссия отырысының хаттамасына және өрт қауіпсіздігі саласындағы білімді тексеру жөніндегі куәлікке тиісінше комиссия мүшелері мен оқу орталығының басшысы қол қоюға тиіс.
Азаматтық қорғау саласындағы заңнамада ұйымдардың қызметкерлерін өрт қауіпсіздігі шараларына онлайн форматта оқытуды көздейтін талаптар регламенттелмеген.
Ұйым қызметкерлерін және халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту қағидаларында және өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту жөніндегі оқу бағдарламаларының мазмұнына қойылатын талаптарда (ТЖМ-нің 2014 жылғы 9 маусымдағы № 276 бұйрығы) ұйым қызметкерлерінің объектіде өрт болған жағдайда өз бетінше әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған оқыту тәртібі мен практикалық жаттығулар рәсімі белгіленген.
Осылайша өрт-техникалық минимумның бағдарламасы бойынша қашықтықтан оқытуға («on-line» режимі) жол берілмейді.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы аудит жөніндегі қызметті жүзеге асыруға сараптамалық ұйымдарды аккредиттеу қағидаларына сәйкес аккредиттеру аттестатын алу үшін заңды және жеке тұлғалар ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетіне «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесіндегі өтініш береді.
Өтінішке қоса беріледі:
- сараптама ұйымының мамандары құжаттарының көшірмелерін: «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша жоғары білім; өзге де жоғары білім және мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердегі жұмыс өтілі кемінде бес жыл;
- мамандарды жұмысқа қабылдау туралы еңбек шарттары;
- сараптама ұйымына меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі үй-жай туралы құжаттардың көшірмелері.
Құжаттардың толық топтамасы ұсынылған жағдайда, тиісті тексеру жүргізілгеннен кейін көрсетілетін қызметті алушы шешім туралы хабардар етіледі.
Ұйымдардың қызметкерлерін өрт-техникалық минимум (бұдан әрі – ӨТМ) бағдарламасы бойынша оқыту жөніндегі қызметтер бәсекелестік ортада болады және оларды кез келген оқыту ұйымы жүргізе алады. Оқыту сапасы, баға саясаты, оқу орны және т.б. сияқты факторларды ескере отырып, ұйым басшысы оқу орталығын өз қалауы бойынша өз бетінше таңдауға құқылы. Бұдан әрі, «азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес ұйымдар өртке қарсы насихат жүргізуге, сондай-ақ өз қызметкерлерін өрт қауіпсіздігі шараларына үйретуге міндетті.
Өрт қауіпсіздігі қағидаларының 3-тармағының талаптарына сәйкес (ТЖМ 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 бұйрығы) объектідегі өрт қауіпсіздігін меншік нысанына қарамастан меншік иелері, ұйымдар, кәсіпорындар басшылары, дара кәсіпкерлер, жеке тұлғалар, объектіні немесе үй-жайды иеленуге, пайдалануға немесе оған билік етуге құқығы бар адамдар қамтамасыз етеді. Ұйымдардың қызметкерлерін және халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту қағидаларымен және өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту жөніндегі оқу бағдарламаларының мазмұнына қойылатын талаптармен (ТЖМ-нің 2014 жылғы 9 маусымдағы № 276 бұйрығы, бұдан әрі - Қағидалар) ұйым қызметкерлерінің объектіде өрт болған жағдайда дербес іс-қимыл жасау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған оқытуды және өртке қарсы нұсқаманы жүргізу тәртібі регламенттелген.
Қағидалардың талаптарына сәйкес жаңадан қабылданған барлық қызметкерлермен өртке қарсы кіріспе нұсқама жүргізіледі (Қағидалардың 10-тармағы), кіріспе нұсқамадан өтпеген адамдар қызметтік міндеттерін орындауға жіберілмейді (Қағидалардың 13-тармағы). Ұйымның басшысы жүзеге асырылатын қызметтің ерекшелігін ескере отырып (Қағидалардың 28 және 29-тармақтарын ескере отырып) оқу орталығында ӨТМ (өндірістен қол үзіп) қандай жұмыскерлер санатын, ал қайсысын тікелей ұйымда өндірістен қол үзбей оқытуға болатынын дербес айқындайды.
Қағидалардың 28 және 29-тармақтарында аталмаған адамдар өрт болған жағдайда персоналдың өз бетінше әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған өртке қарсы нұсқаулықтан (өндірістен қол үзбей) өтеді (Қағидалардың 30-тармағы). Ереженің 29-тармағында келтірілген (өндірістен қол үзбей) өртке қарсы нұсқаулықты (Ереженің 5-тармағы) және қызметкерлерді ӨТМ бағдарламалары бойынша оқытуды ұйымның басшысы немесе оқу орталықтарында оқудан өткен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты адам жүргізеді (Ереженің 30-тармағы).
Қағидалармен Біліктілік комиссиясының мүшелері қол қоятын өрт қауіпсіздігі бойынша білімін тексеру жөніндегі біліктілік комиссиясы отырысының хаттамасының (Қағидалардың 34-тармағы) және оқу орталығының басшысы қол қойған өрт қауіпсіздігі саласындағы білімін тексеру жөніндегі куәліктің (Қағидалардың 35-тармағы) нысандарына қойылатын талаптар бекітілді. Тиісінше, талаптарды бұза отырып берілген ӨТМ көлемінде өрт қауіпсіздігі саласындағы білімді тексеру жөніндегі куәлік жарамсыз деп есептеледі.
Сонымен қатар, ақпарат тәртібімен азаматтық қорғау саласындағы заңнамада ӨТМ оқыту бойынша қызмет көрсететін оқытушылардың біліктілігіне қойылатын біліктілік талаптары регламенттелмегенін хабарлаймыз. ӨТМ оқыту тиісті бағдарламаларда белгіленген, атап айтқанда, заңнамалық база, ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар, өртке қарсы режим мен жүйелер, технологиялық процестің, заттар мен материалдардың өрт қауіптілігі, ұйымда өрт туындаған кездегі тәсілдер мен іс-қимылдар және т. б. зерттеуге қажетті мәселелердің кеңейтілген спектрін қамтитынын назарға ала отырып, Министрлік мыналарды жүргізуді ұсынады: өрт қауіпсіздігі саласында білімі бар мамандарды оқыту және білімін тексеру.
«Азаматтық қорғау туралы» және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында өрт кезінде автоматты өрт дабылы, өрт сөндіру, құлақтандыру және адамдарды эвакуациялауды басқару жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін азаматтық қорғау органдарынан қандай да бір рұқсат құжаттарын (оның ішінде лицензияны) алу қажеттілігі көзделмеген.
Айта кету керек, жұмыстарды жүргізу кезінде «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентінің (ТЖМ 17.08.2021ж. №405 бұйрығымен бекітілген), сәулет қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің (ҚР ҚН 2.02-02-2023 «Ғимараттар мен имараттардың өрт автоматикасы», ҚР БК 2.02-102-2022 «Ғимараттар мен имараттардың өрт автоматикасы») талаптарын сақтау қажет.