Жиі қойылатын сұрақтар

Электр энергиясын жинақтау жүйесін орнату барлық жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) объектілері үшін міндетті емес, ол тиісті аукциондық сауда-саттық түрінің талаптары мен заңнамада белгіленген жағдайларда міндетті болып табылады.

«ЖЭК пайдалануды қолдау туралы» ҚР Заңының 1-бабы 1-1) тармақшасына сәйкес аукциондық сауда-саттық электр энергиясын жинақтау жүйелерімен жабдықталған жаңа ЖЭК объектілерін салу жобаларын іріктеу үшін де өткізілуі мүмкін.

Бұл ретте Аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу қағидаларының 28-тармағында еркін аукциондық сауда-саттықтар үшін арнайы талап белгіленген: жел және күн электр станциялары электр энергиясын сақтау жүйелерімен жабдықталуға тиіс. Жел электр станциялары үшін жүйенің қуаты объектінің белгіленген қуатының кемінде 30 пайызын құрауға, ал сыйымдылығы қуатты кемінде 2 сағат бойы беруді қамтамасыз етуге тиіс. Күн электр станциялары үшін жүйенің қуаты да белгіленген қуаттың кемінде 30 пайызын құрауға, ал сыйымдылығы қуатты кемінде 4 сағат бойы беруді қамтамасыз етуге тиіс. Сақтау жүйесін пайдалану мерзімі электр энергиясын сатып алу шартының қолданылу мерзіміне сәйкес болуы керек.