
Қазақстан экономикасы цифрлық жаңғыруының басты бағыттарының бірі әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру болып табылады.
Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың негізгі мақсаты – әкімшілік процедураларды жеңілдету, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ауқымды деректер негізінде интеллектуалдық сараптама жүргізу.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 63 «Ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға сүйемелдеу мен қол жеткізудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес 2016 жылдан бастап Еңбекмині әлеуметтік-еңбек саласының барлық ақпараттық жүйелерінің (бұдан әрі - ӘЕС АЖ) меншік иесі болып табылады, оған еңбек қатынастары, жұмыспен қамту, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік қолдау, арнайы әлеуметтік қызметтер және көші-қон бағыттары бойынша 16 ақпараттық жүйе кіреді. Бұл ретте, АЖ негізгі бөлігі электрондық үкіметтің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының аса маңызды объектілері болып табылады.
Жалпы ӘЕС АЖ белсенді пайдаланушылары 23 мыңнан астам пайдаланушыны құрайды, олар: Еңбекмині және оның аумақтық бөлімшелері бар ведомстволары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және оның филиалдары, БЖЗҚ, ӘМСҚ, МӘСҚ, облыстардың/республикалық маңызы бар қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, аудандардың/қалалардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, жұмыспен қамту орталықтары, ЖАО еңбек инспекциясы басқармасы, жергілікті атқарушы органдар.
ӘЕС АЖ шеңберінде тұрақты дербестендірілген есепке алу (тарихи деректермен) және қызметтер көрсету, оның ішінде халықтың әлеуметтік басым санаттарын қоса алғанда, туғаннан бастап және бүкіл өмір бойы 20 млн. астам қазақстандықтар үшін автоматтандырылған және проактивті форматта қамтамасыз етіледі: 2,4 млн. зейнеткер; 731 мың мүгедектігі бар тұлғалар;
340 мың атаулы әлеуметтік көмек алушы; 203 мың асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар; 104 мың бала күтімі бойынша жәрдемақы алушылар; 325 мың тіркелген жұмыссыздар; 5 тәуекел бойынша МӘСҚ-дан 763 мың әлеуметтік төлем алушылар және т.б.
Қағаз құжаттарын алып тастау және мәліметтерді электрондық форматта алмасу үшін Еңбекминінің ақпараттық жүйелері мемлекеттік органдармен және түрлі ұйымдармен интеграцияланған.
Азаматтарға жұмысқа орналасуға, персоналды іздеу мен іріктеуде жұмыс берушілерге жәрдем көрсету үшін – Электрондық еңбек биржасы жұмыс істейді. Электрондық еңбек биржасы - бұл мемлекеттік мансап орталықтарынан да, жеке агенттіктерден де, онлайн-сайттардан да бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді жинақтайтын елдегі алғашқы цифрлық алаң. 2018 жылдан іске қосылған сәттен бастап ЭЕБ-да Қазақстанның барлық өңірлерінен 960 мың жұмыс беруші және 2,6 млн. астам ізденуші тіркеліп, оның қызметтерін пайдаланды.
Сондай-ақ, оңалтудың техникалық құралдарын өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдау үшін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді. Порталды енгізудің аса маңызды әсерлерінің бірі ЖАОБ іске асыру пайызының 2023 жылы Портал енгізілгенге дейін 68% - дан 92,9% - ға дейін ұлғаюын және мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету уақытының қысқаруын атап өтуге болады.
Министрліктің мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы қызметінің ашықтық дәрежесін және азаматтардың, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен бизнестің ақпараттық өзара іс – қимылының тиімділігін арттыру мақсатында Интернет желісінде «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау» министрлігінің ақпараттық порталы (бұдан әрі-Портал) жұмыс істейді. Порталдың арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар үйде компьютерде отырып, бүкіл Қазақстан бойынша бейімделген нысандарды көре алады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес әлеуметтік-еңбек саласында 51 қызмет түрі көзделген, оның ішінде 48 электрондық түрде («электрондық үкімет» порталы, «eGov mobile» және ЕДБ мобильді қосымшалары арқылы, проактивті түрде), оның ішінде 30 проактивті форматта қол жетімді.
2023 жылы әлеуметтік-еңбек саласында барлығы 27,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 24,4 млн немесе 89,7% электронды түрде (оның ішінде 1,4 млн. проактивті), 2,9 млн немесе 10,3% қағаз түрінде көрсетілді.
Қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін Министрлік 2023 жылы көпбалалы отбасыларды, жұмысынан айырылуына байланысты азаматтарды қолдау жөніндегі қызметтерін, сондай-ақ зейнетақы төлемдері/жәрдемақылар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар туралы ақпарат беру жөніндегі қызметін екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы іске асырды. Осылайша, ЕДБ мобильді қосымшалары арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 50,4%-ға дейін өсті. 2021 жылы осындай көрсеткіш небәрі 0,13% құрады.
Мемлекеттік қызметтерді трансформациялау мен реинжинирингтің негізгі бағыттарының бірі – шешім қабылдау кезінде адами факторды азайту және алып тастау. Осылайша, жәрдемақының 4 түрі ақпараттық жүйемен адамның қатысуынсыз автоматты түрде тағайындалады және 7 қызметтен қызмет көрсетуге өтініштерді қарау кезінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қызметкерлері алынып тасталды, сол арқылы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі қысқартылды.
Сонымен қатар, «электрондық үкімет» порталында артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдар мен міндетті зейнетақы жарналарын қайтаруға байланысты 2 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электрондық форматқа көшіру арқылы азаматтар үшін әлеуметтік-еңбек саласы қызметтерін көрсету процесін жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыстар жүргізуде, яғни түрлі платформалар («электрондық үкімет» порталында, проактивті формат, «электрондық еңбек биржасы», eGov Mobile және ЕДБ мобильді қосымшалары). арқылы көрсетілетін цифрлық қызметтер спектрі кеңейтілуде.