Жиі қойылатын сұрақтар
Жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығы) https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2200028916 сәйкес, техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары негізінде оқуға түскен кезде және жоғары білімнің білім беру бағдарламасының бейіні мен (немесе) сабақтастығы жоғары білімнің, техникалық және кәсіптік білімнің немесе орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламасымен сәйкес келген жағдайда, формальды білім берудің алдыңғы деңгейінің оқу нәтижелері автоматты түрде танылады, игерілетін академиялық кредиттер саны мен оқу мерзімі қысқартылады.
Оқу нәтижелері пререквизиттер (пререквизит – бұл оқу бағдарламасына қол жеткізу үшін орындалуы қажет алдын ала талап) ретінде сәйкес келген жағдайда, формальды білім берудің алдыңғы деңгейінің (оқу орнын бітіру) жекелеген пәндері, сондай-ақ тиісті деңгейдегі формальды емес білім берудің (курстардан өту) оқу нәтижелері қайта саналып есепке алынады.
Мысалы, мен Астана қаласының Жоғары көлік және коммуникация колледжінің түлегімін. Өз мамандығым бойынша ALT университетінде оқуымды жалғастырғым келеді. Менің оқу нәтижелерім есепке алына ма? Оқу мерзімі қысқартыла ма?
Иә, есепке алынады, оқу мерзіміңіз қысқартылады. Университет сіздің бұған дейін алған біліміңіз бен дағдыларыңызды ескере отырып, жеке оқу жоспарын құрады. Қайта саналатын кредиттер саны және, сәйкесінше, оқу мерзімінің қысқартылуы сіздің алдыңғы оқу бағдарламаңызды бағалау нәтижелеріне байланысты болады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 357 бұйрығына «Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау кезінде қабылдау квоталарының мөлшерін бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033174) сәйкес, бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін қабылдау квотасы жоғары білім беруге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының 2 пайызы мөлшерінде белгіленген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-IV «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1100000518) сәйкес, бала (балалар) – он сегіз жасқа толмаған (кәмелетке толмаған) адам болып табылады.
Осылайша, «бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін» квота тек 18 жасқа толғанға дейін қолданылады. Кәмелет жасына толғаннан кейін адам бала мәртебесінен айырылады, сәйкесінше осы квотаны қолдану үшін негіз де өз күшін жояды.
Ал I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда дербес санат ретінде квота бойынша конкурсқа қатыса алады.
Мысал:
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжаттар тапсыру кезінде азамат К-ның жасы – 18 жыл және 1 ай. Ол мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балаларға арналған қабылдау квотасына үміттене ала ма?
Жоқ, 18 жастан кейін квота қолданылмайды, себебі заңнамаға сәйкес бала болып саналмайды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 357 бұйрығына «Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау кезіндегі қабылдау квоталарының мөлшерін бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033174) сәйкес, шақыру бойынша мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген Қазақстан Республикасы азаматтары үшін жоғары оқу орындарына түсу кезінде қабылдау квотасы бекітілген, ол бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының 2,5 пайызын құрайды.
Мерзімді әскери қызметті аяқтаған азаматтар бірыңғай ұлттық тестілеуден өтіп, қабылдау ережелерінің талаптарын орындаған жағдайда, белгіленген квота шеңберінде мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына, сондай-ақ жалпы негізде конкурсқа қатыса алады.
Мысалы: Қазіргі уақытта шақыру бойынша мерзімді әскери қызметті өткеріп жүрмін. Қызметті аяқтағаннан кейін мемлекеттік білім беру грантына түсе аламын ба?
Иә, шақыру мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар мемлекеттік білім беру грантына үміткер болуға құқылы. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, қабылдау талаптарын орындаған жағдайда грант конкурсына жалпы негізде де, сондай-ақ арнайы 2,5% квота шеңберінде де қатыса алады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығына «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017650) сәйкес шетел азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдері жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) түсуге құқылы.
Оқуға қабылдау жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін қабылдау қағидаларына, сондай-ақ халықаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Шетел азаматтары ЖЖОКБҰ келесі негіздер бойынша оқи алады:
білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттар негізінде ақылы түрде;
мемлекеттер арасындағы халықаралық келісімдер шеңберінде;
тиісті шарттар мен конкурстық іріктеу болған жағдайда стипендиялық бағдарламалар мен білім беру гранттары бойынша.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 8 қазандағы № 548 бұйрығы «Стипендиялық бағдарламаларға қатысу үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800017520) (бұдан әрі – Ереже).
Мысал, Мен, Е.Қайратов, Моңғолия Республикасының азаматы, ұлтым – қазақ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік білім беру гранты бойынша түсе аламын ба?
Иә, Стипендиялық бағдарламаларға қатысу Ережесіне сәйкес, Сіз Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына стипендиялық бағдарлама шеңберінде оқуға түсуге құқылысыз.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 677 бұйрығына «Жоғары бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1500012894) сәйкес жол жүру шығыстары бойынша өтемақы келесі санаттағы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын білім алушыларға төленеді:
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттарына – жылына екі рет, қысқы және жазғы каникул кезеңінде, 4 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелерінің тыңдаушыларына – жылына бір рет, 4 АЕК мөлшерінде.
Мысал:
А. есімді азаматтың сұрағы түсті: Алматы қаласындағы университеттердің бірінде ақылы негізде оқимын. Көкшетау қаласындағы тұрғылықты жеріме дейінгі жол жүру шығындары маған өтеледі ме?
Жоқ, Сіз бұл жол жүру төлемдеріне үміт арта алмайсыз, себебі Сіз мемлекеттік білім беру гранты иегері болып табылмайсыз.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығына сәйкес https://adilet.zan.kz//kaz/docs/V1100006976 жоғары және (немесе) жоғары оқудан кейінгі білім беру ұйымдарының білім алушылардың қосымша білім алуға, академиялық қарыздарын немесе оқу жоспарларындағы айырмашылықтарын жоюға, басқа білім беру ұйымдарындағы оқу пәндерін оқуға және кредиттерді меңгеруге, өзі оқитын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында міндетті түрде қайта сынақ тапсыруға, орташа үлгерім балын көтеруге (GPA), аралас немесе қосымша білім беру бағдарламасын, оның ішінде қос дипломды білім беру шеңберіндегі білім беру бағдарламасын игеруге деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ұзақтығы кемінде 6 апта жазғы семестрді енгізуге рұқсат етіледі (бітіруші курсты қоспағанда).
Мысалы: Мен Нархоз университетінің бітіруші курсының студентімін, бір оқу пәні бойынша академиялық үлгерімсіздігім бар, жазғы семестрге өтініш бердім, бірақ менің өтінішім қабылданбады. Университет дұрыс істеді ме?
Иә, дұрыс, бітіруші курстар үшін жазғы семестр көзделмеген.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығына сәйкес https://adilet.zan.kz//kaz/docs/V1100006976 каникулдар білім алушыларға оқу жылы ішінде кемінде 2 рет беріледі, бітіруші курсты қоспағанда, демалыстың жалпы ұзақтығы кемінде 7 аптаны құрауы тиіс.
Мысалы:
Мен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентімін, жазда каникул кезінде жұмыс істегім келеді. Жазғы демалыс қанша уақытқа созылады?
Каникул білім алушыларға жылына кемінде 2 рет, оқу семестрлері аяқталғаннан кейін беріледі.
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 132-бабының 1-тармағына сәйкес (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000375#z132), қызметіне мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері, мемлекеттік органдар мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.
Мемлекеттік бақылау субъектiсінде меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде болатын, мемлекеттік бақылауға жататын мүлік мемлекеттік бақылау объектісі болып табылады.
Осыған сүйене отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғалар болып табылады.
Мемлекеттік бақылау объектілері: жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын iске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі, білім алушылардың тиісті білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейі, білім алушылардың оқу нәтижелерін бағалау.
Мысалы, Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асыратын мемлекеттік бақылау субъектісі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) болып табылады.
Сәйкесінше, мемлекеттік бақылау объектісі – ЖЖОКБҰ-ның білім беру қызметі және білім алушылардың тиісті білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығы мен бекітілген https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2300033291 Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларының 13 тармағына сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері, ағымдағы жылы оқуды аяқтаған 1 қыркүйектен кешікпей жолдама бойынша жұмыс орнына келеді.
Мысал: Менің ұлым С. 2026 жылы «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша университет бітіреді. Біз отбасымызбен шетелге демалысқа шығуды жоспарлап отырмыз. Ұлым 10 қыркүйекте білім беру ұйымына жұмысқа орналаса ала ма?
Жоқ, Сіздің ұлыңыз мемлекеттік грант бойынша міндетті өтеуін ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей бастауы тиіс.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабының 17-тармағының екінші бөлігіне https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319_#z54 және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығы мен бекітілген https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2300033291 Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларының 5 тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогика мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымды бітіргеннен кейін кемінде үш жыл тиісінше білім беру ұйымдарында жұмыспен өтейді.
Мысал: Менің қызым Р. «Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Ол мектепте емес, оқу орталығында өз мамандығы бойынша педагог болып жұмыс істей ала ма?
Иә, қызыңыз мемлекеттік грантты өтеу үшін меншік нысанына қарамастан кез келген білім беру ұйымында, бұл жағдайда оқу орталығында, жұмысқа орналаса алады.