Жиі қойылатын сұрақтар
Жеке тұлғалар шетелдік интернет-платформалар арқылы сатып алатын тауарларға қатысты 200 еуро мөлшеріндегі бажсыз әкелу нормасы сақталады. Тауардың құны 200 еуродан аспаған жағдайда, электрондық сауда тауарларына арналған декларация арқылы рәсімделеді және бұл ретте әкелу кедендік бажы төленбейді. Белгіленген бажсыз әкелу нормасынан асқан жағдайда тауарлардың толық көлемі декларацияда көрсетіледі және кедендік баж есептеледі. Электрондық сауда тауарларына арналған жаңа тәртіптің құқықтық негізі 2023 жылғы 25 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға негізделеді. Қазақстан Республикасында аталған Хаттама 2025 жылғы 4 қазандағы № 221-VIII ҚРЗ Заңымен ратификацияланды. Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексін электрондық сауда тауарларын өткізу ерекшеліктерін реттейтін 43¹-тараумен толықтырды. (Мысал, шетелдік интернет-дүкеннен 150 еуроға тауар сатып алынса — кедендік баж төлеу қажет емес. 250 еуроға сатып алынса — кедендік баж төлеу қажет.)
«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 392-4-бабына сәйкес жеке тұлғалар сатып алатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін электрондық сауда тауарларының декларанты ретінде тауарды алушы жеке тұлға, сондай-ақ Кодексте көзделген жағдайларда электрондық сауда операторы әрекет ете алады. Электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялау электрондық сауда тауарларына арналған декларацияны пайдалана отырып жүзеге асырылады. Жаңа тәртіптің негізгі мақсаттарының бірі – жеке тұлғалар үшін кедендік рәсімдерді жеңілдету. Осыған байланысты тауарды электрондық сауда операторы декларациялаған жағдайда, азаматтың кедендік рәсімдерді жүргізу үшін салық органдарында арнайы тіркелуі талап етілмейді. Электрондық сауда тауарларына арналған декларацияның нысаны Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы № 143 шешімімен бекітілген. (Мысал, интернет-дүкеннен тауар сатып алынса — тауарды өз бетінше декларациялау міндетті емес. Декларацияны сатып алушы – жеке тұлға немесе электрондық сауда операторы тапсырады.)
Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің 392-1-бабының 2-тармағына сәйкес, электрондық сауда тауарларын өткізу ерекшеліктері қолданылып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарлар шығарылғаннан кейін коммерциялық қызметте пайдаланылмауға тиіс. Мұндай тауарлардың коммерциялық қызметте пайдаланылғаны анықталған жағдайда, жеке тұлға тауарларды коммерциялық қызметте пайдалану фактісі анықталған мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауаптылыққа тартылады.
Іс жүзінде коммерциялық мақсатта пайдаланудың ықтимал белгілеріне біртекті тауарларды жүйелі түрде көп мөлшерде сатып алу, оларды интернет-платформалар арқылы тұрақты сату және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруды көрсететін басқа да мән-жайлар жатқызылуы мүмкін. Бұл ретте бірнеше біртекті тауарды сатып алу фактісінің өзі автоматты түрде кәсіпкерлік қызметті білдірмейді – мәселе нақты мән-жайларды ескере отырып бағаланады.
Мысал, жеке тұлға шетелдік маркетплейсте жеке тұлғалар үшін электрондық сауда тәртібін қолдану арқылы 40 бірлік біртекті тауар сатып алып, оларды Қазақстан Республикасының аумағында сатуға қойды. Бұл әрекеттер тауарларды коммерциялық қызметте пайдалану болып табылады, бұл тыйым салынған. Мұндай факті анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік туындауы мүмкін.
«Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңының 53-бабына сәйкес директорлар кеңесі Заңда және (немесе) қоғамның жарғысында акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, қоғам қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
«Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқарудың үлгілік кодексін бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 5 қаңтардағы № 21 бұйрығына сәйкес (бұдан әрі – Үлгілік кодекс) директорлар кеңесі өзінің функцияларын заңнамаға, Қоғам Жарғысына, Үлгілік кодекске және ішкі құжаттарға сәйкес жүзеге асырады.
Директорлар кеңесі даму жоспарын айқындауға және өзектілендіруге, тиімділіктің түйінді көрсеткіштерін (бұдан әрі – ТТК) қоюға және оларды мониторингтеуге, сондай-ақ тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің тиімді жұмыс істеуін ұйымдастыруға және қадағалауға ерекше назар аударады.
Мысалы: Директорлар кеңесі Қоғамның даму жоспарын бекітеді, атқарушы орган мүшелері үшін ТТК белгілейді және олардың орындалуын бақылайды.
«Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 59-бабына сәйкес, қоғамның ағымдағы қызметіне басшылықты алқалы немесе жеке-дара түрінде атқарушы орган жүзеге асырады. Атқарушы орган қоғам қызметінің заңнамада және қоғамның жарғысында қоғамның басқа органдардың құзыретіне жатқызылмаған кез келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға құқылы.
«Ұлттық әл-ауқат қорынан басқа, мемлекет бақылауындағы акционерлік қоғамдардағы корпоративтік басқарудың үлгілік кодексін бекіту туралы»
ҚР Ұлттық экономика министрінің
2018 жылғы 5 қазандағы № 21 бұйрығына сәйкес корпоративтік басқарудың атқарушы органы директорлар кеңесіне есеп береді, қоғамның күнделікті қызметіне және даму жоспарын және/немесе іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ директорлар кеңесі мен акционерлердің жалпы жиналысының шешімдерін іске асыруға жауапты болады.
Мысалы: Қоғамның Басқармасы ағымдағы қызмет мәселелерін қарайды, бекітілген даму жоспары мен Директорлар кеңесінің шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Қоғамның құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады.
«Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 21 тамыздағы
№ 678 қаулысының 1-тармағына сәйкес,
2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий белгіленген.
Мораторий квазимемлекеттік сектор субъектісі құрылатын немесе заңды тұлға осындай субъектінің белгілерін иеленетін жағдайларға қолданылады.
Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтарған жағдайда мораторий қолданылмайды.
*Акция - акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлік қоғам таратылған жағдайда оның мүлкінің бір бөлігін алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарда көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз
*Квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын Ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді заңды тұлғалар және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, «Астана» халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым, жоғары ғылыми ұйым.
*Мораторий – белгілі бір әрекеттерді жасауға уақытша тыйым салуды (шектеуді) көздейтін нормативтік құқықтық актіде белгіленген уақытша тыйым.
Мысал: Қолданыстағы акционерлік қоғамның акцияларын сатып алу арқылы еншілес ұйымды құру, нәтижесінде оның квазимемлекеттік сектор субъектісінің белгілерін иеленуі мораторий қолданылатын жағдайларға жатады.
«Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңының 6 - бабына сәйкес, Табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу:
1) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімін қалыптастыру;
2) тарифті қалыптастыру, белгілеу және бекіту;
3) табиғи монополиялар салаларының тарифтік реттеу әдістерін айқындау;
4) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауына келісім беру, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінен реттеліп көрсетілетін қызметтерге жатпайтын қызметті жүзеге асыруы туралы хабарламаны қабылдау;
5) реттеліп көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.
Мысалдар:Табиғи монополия субъектілерінің қызметі мемлекет тарапынан реттеледі, себебі бұл салаларда әдетте бір ғана компания жұмыс істейді және бәсекелестік болмайды. Электр энергетикасы— электр энергиясын электр желілері арқылы жеткізу. Темір жолдар — теміржол инфрақұрылымы (мысалы, Қазақстан Темір Жолы). Газбен жабдықтау — газды құбырлар арқылы тасымалдау.Сумен жабдықтау— қалалық су арналары (водоканалдар).Жылумен жабдықтау — қалалық жылу желілері мен Жылу -электр орталығы (ЖЭО). Бұл салалар монополист болғандықтан, мемлекет тарапынан реттеледі.
«Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңының 26 - бабы
2-тармағының 23) тармақшасына сәйкес Табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға тариф, оның өзгергені туралы ол қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей хабарлауға міндетті. Мысал:Табиғи монополия субъектілері тарифтер мен қызмет көрсету шарттары туралы ақпарат беруге міндетті. Бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қажет. Қазақстан Темір Жолы теміржол тасымалына байланысты тарифтер мен қызмет көрсету шарттары туралы ақпаратты жариялауға міндетті. Тұтынушылар қызметтің бағасын алдын ала білу қажет. Табиғи монополия субъектілері тарифтер мен қызмет көрсету шарттары туралы ақпаратты ашық түрде жариялап отыруы тиіс.
«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 4) және 5) тармақшаларына сәйкес табиғи монополия субъектісі тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ осы Заңның 26 -бабының 12-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметке қол жеткізудің тең жағдайларын ұсынуға міндетті.
Мысал: Егер бір елді мекенде немесе бір көшеде орналасқан екі тұтынушы табиғи монополия субъектісіне реттеліп көрсетілетін қызметке қосылу үшін (мысалы, электр желілеріне немесе сумен жабдықтау жүйесіне) жүгініп, бірдей құжаттар топтамасын ұсынса, табиғи монополия субъектісі екі тұтынушыға да қызметке тең шарттармен қолжетімділік беруге міндетті.
Бұл ретте табиғи монополия субъектісі бір тұтынушыға қолжетімділік беріп, екіншісіне бас тартуға немесе Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 24-бабының 12-тармағында көзделген негіздер болмаған жағдайда, олар үшін қосылудың әртүрлі шарттарын белгілеуге құқылы емес, атап айтқанда техникалық мүмкіндіктің болмауы жағдайынан басқа.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің
2019 жылғы 13 тамыздағы №73 бұйрығымен бекітілген Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларының 46 және
47-тармақтарына сәйкес реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы табиғи монополия субъектісі тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізу кезінде бақылаушы ретінде қатыса алады. Сондай-ақ реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы табиғи монополия субъектісінің, конкурстық комиссияның, конкурстық комиссия хатшысының (хатшылығының), техникалық сарапшылардың заңсыз әрекеттеріне қатысты уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық органына шағыммен жүгінуге құқылы.
Мысал: табиғи монополия субъектісі сумен жабдықтау жүйесіне арналған сорғы жабдықтарын сатып алу бойынша конкурс өткізеді. Реттеліп көрсетілетін қызметтің тұтынушысы (мысалы, кәсіпорын өкілі немесе тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің өкілі) бақылаушы ретінде конкурстық өтінімдерді ашу рәсіміне қатысады. Сатып алу барысында ол конкурстық комиссия техникалық талаптарға сәйкес келмейтін өнім берушінің өтінімін конкурсқа жібергенін немесе басқа өнім берушінің өтінімін жеткілікті негіздерсіз кері қайтарғанын анықтайды.
Мұндай жағдайда реттеліп көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы табиғи монополия субъектісінің, конкурстық комиссияның, конкурстық комиссия хатшысының (хатшылығының) немесе техникалық сарапшылардың заңсыз әрекеттеріне қатысты уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық органына шағыммен жүгінуге құқылы.