С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Тәуелсіздік: тарих пен болашақ» тақырыбына арналған танымдық кеш өтті. Шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев, облыстық мәслихат депутаты Құдайберген Бекенов, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Нұрдәулет Алдашев қатысты. Спикерлер Алаш қайраткерлерінің мақсат-мүддесіне, ұлт тарихының болашағына түбегейлі өзгеріс жасаған елеулі кезеңдерге тоқталып, тарихи сананы қалыптастырудың маңызына тоқталды. «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әділбек Сарин және оның шәкірті Шарапат Нұрымбетова «Кіші жүздің ерлері», «Жыр өсіп қайта көктеді» толғауларын жырлап, кеш мазмұнын ұлттық рухпен толықтыра түсті. Кеш жастарды тарихымызды құрметтеуге, тұлғаларды ұлықтауға, елжандылыққа және ұлттық құндылықтарды терең түсініп, оларды өмірлік ұстаным ретінде қалыптастыруға баулуды мақсат етті.