Білім бөлімдері басшыларымен өткен жиналыста сөз сөйлеу

СҚО білім беру бөлімдерінің басшыларымен өтетін кеңестегі сөз сөйлеу мәтіні
Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиын барысында білім беру саласының негізгі басымдықтары талқыланды.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, бейінді ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламентінің депутаттары, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, сондай-ақ салалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өңірлік білім басқармаларының басшылары, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты.
Алқа мәжілісін ашқан Аида Балаева білім беру саласы кез келген адам мен қоғам үшін аса маңызды бағыт екенін қадап айтты. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасында білімнің негізгі құндылық ретіндегі маңызы мен рөлі айқын көрініс тапқанын атап өтті.
Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2030 жылға дейін есептелген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданғанын мәлімдеді. Бұл құжат әрбір баланы қамтиды және қауіпсіздік, сапалы білім, денсаулық сақтау, отбасы және әлеуметтік қорғауға қатысты негізгі мемлекеттік шараларды біріктіріп, ортақ жүйеге келтіреді.
Алқа мәжілісі барысында білім беру саласындағы жетістіктер атап өтілді: Қазақстан жан басына шаққандағы білім алушылар саны бойынша әлемдегі алғашқы 10 елдің қатарына кіреді. Сонымен қатар, саланың өзекті мәселелері де қаралды.
Ең алдымен, Премьер-Министрдің орынбасары бүкіл білім беру жүйесінің негізі болып табылатын мектепке дейінгі және бастауыш білім беру стратегиясын қайта қарау міндетін қойды. Ол мектеп бағдарламаларын өскелең ұрпақтың ерекшеліктері мен заман талабына сай бейімдеу, сондай-ақ педагогикалық кадрлардың сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Аида Балаеваның пікірінше, негізгі екпінді жеке тәсілге түсіріп, балалардың бойында сыни ойлау мен алған білімді іс жүзінде қолдану дағдыларын дамыту керек.
Сондай-ақ, Аида Балаева бүгінгі таңда педагогтерді жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары саласында даярлауды өзектендіру және жұмыс істеп жүрген мұғалімдерді жүйелі түрде қайта даярлаудан өткізу маңызды екенін жеткізді. Осыған байланысты барлық бейінді педагогикалық жоғары оқу орындарында жасанды интеллект факультеттерін ашу тапсырылды. Сонымен қатар, вице-премьер техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі де қайта қарауды талап ететінін мәлімдеді. Атап айтқанда, қаржыландыру механизмдерін жетілдіру, еңбек нарығын жүйелі зерттеу және дуальды оқытуды белсенді қолдану қажет.
Алқа мәжілісінде Аида Балаева инклюзивті білім беру мәселесіне ерекше тоқталды. Премьер-Министрдің орынбасары ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін барлық жағдайды жасау, ал кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін бейінді кафедралар ашу, инклюзия бойынша міндетті пәндерді енгізу және педагогтерді қайта даярлау бағдарламаларын әзірлеу міндетін қойды.
Премьер-Министрдің орынбасары оқулықтарды іріктеудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау, оларды әзірлеу мен сараптамадан өткізу сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар, тәрбие және идеологиялық жұмысты күшейтуге баса назар аударды, оның негізіне Президент бекіткен Ішкі саясат тұжырымдамасының принциптері алынуы тиіс.
Жиын барысында Жұлдыз Сүлейменованың баяндамасы тыңдалды. Оқу-ағарту министрлігінің басшысы ведомствоның 2025 жылғы қызметінің қорытындыларына егжей-тегжейлі тоқталып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басымдықтарды таныстырды.
2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы: балаларды қорғаудың тиімді механизмдерін қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты басымдық.
Министр балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының және ұлт болашағының берік негізі екенін атап өтті.