СҚО БССҚД басшысының педагогикалық әдеп жөніндегі Кеңес отырысындағы сөз сөйлеуі

Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте сөз сөйлеу
«Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы: балаларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау басым бағыт ретінде айқындалған.
Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы мен ұлт болашағының берік негізі. Осы бағытта Мемлекет басшысы мемлекеттік саясаттың басым міндеті ретінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды және әрбір баланың жан-жақты дамуына әрі сапалы білім алуына жағдай жасауды айқындады.
Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары аясында балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданып, олардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Президенттің бастамасымен балалардың құқықтарын қорғау, білім сапасын арттыру, денсаулықты сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында маңызды іргелі реформалар мен заңдар қабылданып, жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде Оқу-ағарту министрлігі Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және салалық министрліктермен бірлесіп, 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі. 2025 жылғы статистикаға сәйкес елімізде шамамен 7 млн бала бар, бұл жалпы халық санының 34%-ын құрайды. Соңғы 10 жылда тұрақты демографиялық өсім нәтижесінде балалар саны 1,5 млн-ға артқан.
Президенттің бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық балалардың шоттарына аударылады. Бұл қаражат білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры аясында 120-ға жуық әлеуметтік жоба іске асырылды. Белгілі болғандай, елімізде орта білім беру тегін. Жыл сайын ата-аналардың тегін білім беру қызметтеріне деген сенімі артып келеді. Бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. 1–11 сынып оқушылары тегін оқулықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 49 түрлі көмекті қамтитын әлеуметтік қолдау жүйесі жүзеге асырылуда. «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы 25 млрд теңгеге көмек көрсетілді.
Бүгінгі күні балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған 10 негізгі заң қабылданды. Бұл заңдар балалардың өміріне, денсаулығына және психологиялық әл-ауқатына қауіп төндіретін факторлардан қорғау тетіктерін бекітеді.
Елімізде қабылданған жүйелі шаралар мен қол жеткізілген нәтижелер «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізін қалады. Тұжырымдама балалардың құқықтарын қорғау саласындағы шаралардың жүйелілігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Ол төрт негізгі бағытты қамтиды: қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, сондай-ақ отбасы және әлеуметтік қорғау.
Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор, ал іске асыру үшін 158 іс-шара қарастырылған. Жалпы қаржыландыру көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды. «Қауіпсіздік» бағыты аясында қазіргі жағдайды ескере отырып, жұмыс күшейтіледі. Ең алдымен, «Адал азамат» бағдарламасы шеңберінде «Заң және тәртіп» қағидатын кеңінен енгізу жоспарлануда. Бұл әрбір баланың өмір сүруіне, білім алуына және дамуына қауіпсіз орта қалыптастырады. «Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде пайдаланылатын болады.
Қазіргі таңда елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген, «111» байланыс орталығы қызмет етеді. Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу және зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған 40 көмек кабинетін ашу жоспарлануда. Құқық бұзушылықтың алдын алу және психологиялық көмек көрсету бойынша барлық шаралар әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруіне негіз болады.
Соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Білім беру ұйымдары толықтай техникалық қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап жазғы лагерьлерді, ал 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялау енгізіледі. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау мақсатында онлайн-платформалардың заңсыз контентті жоймағаны үшін жауапкершілігі күшейтілді.
Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі көбінесе мамандардың біліктілігіне байланысты. Тұжырымдамада кадрлық әлеуетті жүйелі түрде нығайту көзделген. Педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтарға қойылатын талаптарды күшейту және олардың біліктілігін жыл сайын арттыру жоспарлануда.
Қазіргі уақытта 4 өңірде (Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары) балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылған, қалған өңірлерде оларды ағымдағы жылдың наурызына дейін ашу жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салынды, сондай-ақ мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл балалардың заманауи әрі қауіпсіз білім алуына жағдай жасап, қала мен ауыл арасындағы білім сапасын теңестіруге мүмкіндік берді. 677 балабақшаның ашылуы 65 мың балаға дейін мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттырды. Мектептердің маңында жаяу жүргіншілер жолдары мен көше жарықтандыруы орнатылды.
Тұжырымдама аясында балалардың жол қауіпсіздігін арттыру және тасымалдау сапасын жақсарту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіз шомылу орындарын көбейту, балаларды жүзуге және суда өзін қауіпсіз ұстауға үйрету көзделген.
«Баланың білім алу құқығы» бағыты бойынша әрбір балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беру қарастырылған. Ерте жастағы балаларды дамыту бойынша педагогтердің біліктілігі арттырылып, оқу бағдарламалары жаңартылуда.
Мемлекет тарапынан инклюзивті білім беруге ерекше назар аударылуда. Бұған 2025 жылы Қазақстанда алғаш рет өткен, 50-ден астам елдің сарапшылары қатысқан Дүниежүзілік инклюзия конгресі дәлел. Бұл конгресс инклюзивті білім беруді дамытуда маңызды рөл атқарды.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасының басым бағыттарының бірі – инклюзивті білім беруді сапалы ұйымдастыру. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар желісін кеңейту, түзету кабинеттері мен аутизм орталықтарын дамыту, білім беру ұйымдарында жүйелі сүйемелдеуді енгізу көзделген. Бұл шаралар денсаулық жағдайына байланысты үйде оқитын балалар санын азайтып, олардың толыққанды оқу үдерісіне қатысуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, арнайы психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін ұйымдардың қызметін лицензиялау жоспарлануда. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Тұжырымдамада баланың негізгі құқықтарының бірі – отбасы институтына, ата-аналардың жауапкершілігіне және әлеуметтік қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылған. Отбасы институтын нығайтуға және ата-аналар мен қамқоршылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі шаралар бекітілген.