Елордада отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерде көмек көрсететін ұйымдар саны үш есе өсті, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат басқармасы мен елорда әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы қолдауымен «Бақытты отбасы - мықты мемлекет негізі» атты онлайн-форум өткізді. Шара неке институтын нығайтуға, отбасы беделін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Форумға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айтылған отбасылық-демографиялық ахуал туралы тезистер отбасылық саясат мемлекеттің басым бағыты екенінің дәлелі, деді форум барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы - қала әкімінің бас инспекторы Мөлдір Бөлебаева. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда 22 235 көпбалалы отбасы бар. Бүгінде елордада отбасы рөлін арттыруға және қолдауға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
«Бүгінде мемлекеттік отбасылық саясат елдің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытты тиімді жүзеге асыру үшін біз әлеуметтік, экономикалық және рухани жаңғыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды анықтау үшін елорданың әр тұрғынына әлеуметтік карта жасалуда. Қалада отбасы институтын нығайту және дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Азаматтардың репродуктивті денсаулығын нығайту және ана мен бала денсаулығын сақтау бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Елордада ҮЕҰ қатысуымен отбасын жоспарлау, ана мен бала денсаулығын сақтау бойынша әлеуметтік жобалар іске асырылуда», - деді Мөлдір Бөлебаева.
Сондай-ақ форум қатысушылары отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесу бағытындағы белсенді ұйымдар саны өткен жылмен салыстырғанда үш есе артқанын атап өтті.
2020 жылдан бастап Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде отбасы құндылықтары рөлін нығайту мақсатында «Отбасы институтын, адамгершілік, рухани және отбасылық құндылықтарды насихаттау арқылы гендерлік мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар өткізу» жобасы ұзақмерзімді үш жылға іске қосылды. Бұл елордада отбасын қолдауға арналған алғашқы үшжылдық жоба.
Жоба аясында қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру, ер азаматтардың, отбасындағы әкенің жағымды бейнесін қалыптастыру, бала мен ата-ананың заманауи диалогтарына алғышарт жасалады. Сонымен бірге заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізуді тұжырымдау мақсатында жекелей кеңес берулер жүргізілуде.
Шара барысында бірқатар қоғам белсенділері отбасы құндылықтарын насихаттауға және отбасылық қатынастарды нығайтуға белсенді қатысқаны үшін грамоталармен марапатталды.
