«Таза Қазақстан»: елордада банк қызметкерлері сенбілікке шықты

«Таза Қазақстан»: елордада банк қызметкерлері сенбілікке шықты

Елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты эко-айлық басталды, ол қаланы санитарлық тазалауға, абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталған, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

RBK, Еуразиялық банк, Bereke bank, First Heartland Japan, Forte bank, Халық банкі, ЦентрКредит Банкі, Фридом Финанс Қазақстан, Kaspi және Отбасы банкі қызметкерлері өз аумақтарында тазалық жүргізді. Банк қызметкерлері бұл игі істің пайдасын ерекше атап өтті.

«Біз сенбілікке дәстүрлі түрде белсенді қатысамыз. Жыл сайын өз аумағымызды ғана емес, іргелес аумақтарды тазалаймыз, қоршауларды, терезелерді жуып, бояймыз, былтырдан қалған ағаш жапырақтарын жинаймыз. Бұл қызметкерлердің өздеріне ғана емес, оны көргендерге де қоршаған ортаға деген дұрыс көзқарасты ынталандырады. Бізде өмірлік ұстанымы бар адамдар жұмыс істейді», - деп бөлісті банк қызметкері.

Сондай-ақ, эко-айлыққа қатысушылар қалада тазалықты сақтау үшін өздерінен бастау керек екенін айта келе, астаналықтарды экологиялық айлыққа қосылуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, экологиялық айлық аясында қаладағы нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарлар мен кварталішілік аумақтарды тазалау, саябақтар мен гүлзарлардағы жасыл желектерге күтім жасау бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды тазарту жөніндегі іс-шаралар, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жүргізіледі.

Сондай-ақ, акция аясында 270 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы өз үндеуінде көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру, сондай-ақ жолдарды ретке келтіру жөніндегі науқанды жүргізудің маңыздылығын атап өтті.