Алғыс айту күніне орай елордалық жастар тұрғындарға тәтті сыйлықтар таратты

Алғыс айту күніне орай елордалық жастар тұрғындарға тәтті сыйлықтар таратты

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай волонтерлер астаналықтарға тосын-сый жасап, шокалад ұсынды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Астанада көктемнің алғашқы күні тамаша үрдіспен басталды. Қалалықтар көп шоғырланатын ауданда волонтерлер тұрғындарға шоколад үлестіріп, жақсы көңіл-күй сыйлады.

«Атаулы күнге орай астаналықтарға алғысымызды айтып, жылы лебізімізді білдіру үшін осы жерге келдік. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушы Астана әкімдігі жанындағы «Астана жастары» ресурстық орталығының белсенділері және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілері қала тұрғындарына тәттілер үлестіріп, бүгінгі мерекемен құттықтады», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы департаменті бойынша бас маманы Сламқұл Әбдіқаһар.

Сондай-ақ үнемі игі істердің басы-қасында жүретін «Астана жастары» ресурстық орталығының белсенділері де бүгінгі іс-шараға орай өз лебіздерін білдірді.

«Біз бұған дейін «Игі істер марафоны» аясында қар тазалауға көмектесіп, коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай мен бауырсақ таратқан болатынбыз. Бүгін, міне, астаналықтарға шоколад ұсындық. Осындай шуақты күнде әрбір тұрғынның жүзінен риясыз күлкіні көру бізге де қуаныш сыйлайды», - деді волонтер Рауан Қодаров.

Мұндай тосын-сыйға қала тұрғындары да мәре-сәре болысып, алғыстарын айтты.

Айта кетсек, елордалықтарға таратылған тәттілер көлемі 15-тен астам келіні құрады.