Елордада қызылша ауруы әлі де өршіп тұр

Қаңтар айының басынан бері елордада қызылшаның 1890 бастапқы және 532 расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 381 жағдай. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Астана қаласы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Елордада инфекцияның таралуын қызылшаға қарсы екпе алмаған адамдар жалғастыруда, сырқаттанғандардың 68 пайызын осы кісілер құрайды. Желтоқсан айымен салыстырғанда балалар арасында сырқаттанушылықтың бір жасқа дейін, бір жас және 2 жастағы балалар арасында төмендеуі байқалады. Мәселен, 1 жасқа дейінгі ауырған балалардың қарқынды көрсеткіші 692,7-ден 589,4-ке дейін немесе 15 пайызға, бір жастағы балалар 880,2-ден 805,3-ке дейін немесе 8,5 пайызға және 2 жастағы балалар тиісінше 701,6-дан 551,9-ға дейін немесе 21,3 пайызға төмендеді. Көрсетілген жастағы сырқаттанудың төмендеуі – бұл қосымша жаппай иммундаудың нәтижесі. Алайда ересектер арасында сырқаттанушылықтың өсуі байқалады, қарқынды көрсеткіш 25,2-ден 40,2-ге дейін немесе 37,3 пайызға өсті», - деді Сархат Бейсенова.
Қызылшаға қарсы екпе алмағандар арасында сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 қаулысы шығарылды. Соған сәйкес, 2023 жылдың 6 қарашасынан бастап 6 айдан 10 ай 29 күндік сәбилерді және 2023 жылы 5 желтоқсаннан бастап 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күндік балаларды егу мәртебесіне қарамастан қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. Сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық иммундауы жоқ медицина қызметкерлеріне иммунизация жасалды.
«Бүгінгі таңда 6 айдан 10 ай 29 күндік балаларды қызылшаға қарсы екпемен қамту 56,1 пайызды немесе 13 473 баланы құрады және 2-4 жастағы балалар арасында 75,9 пайызды немесе 59 205 баланы құрады. 2023 жылғы 6 қарашадан бастап осы уақытқа дейін қосымша жаппай иммундау аясында 94 166 адам екпе алды, бұл қосымша жаппай иммундауға жататын контингенттің, яғни 121 000 адамның 77,8 пайызы егілді. Қазіргі уақытта вакцинация алмаған 6 айдан 10 ай 29 күндік балаларды және 2-4 жас аралығындағы балаларды қажетті екпемен қамтудың кемінде 95 пайызына дейін жетпейінше, вакцинация жұмыстары жалғасын таппақ. Қызылшаға қарсы профилактикалық екпесі жоқ медицина қызметкерлерін қызылшаға қарсы иммундаумен қамту 100 пайызға жетті», - деді спикер.
Оның айтуынша, ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, 7-18 жас аралығындағы бұрын вакцинациялауды өткізіп алған 13678 бала иммундау шеңберінде қамтылды.
«Бұрын вакцинациядан бас тартқан балалардың ата-аналарымен вакцинацияның маңыздылығы туралы қосымша түсіндіргеннен кейін өз шешімдерін вакцинацияның пайдасына қабылдады. Қаңтар айының басынан бері бас тартқан барлық 4529 баланың 1038 бала немесе 22,9% егілді. Осы орайда, вакцинацияның маңыздылығын тағы да ескере отырып, одан бас тартпауға шақырамыз», - деді ол.
Жоспарлы жұмыстар уақытша медициналық қарсы көрсетілімі себебінен қызылшаға қарсы екпе алмағандар арасында да жүргізіледі. Мәселен, жыл басынан бері уақытша медициналық қарсы көрсетілімі бар 2730 баланың 1067-сі немесе 39 пайызы екпе алды.
«Вакцинация қызылша ауруын басқарудың жалғыз және тиімді әдісі болып қала береді. Иммундаудың мүмкіндігінше тиімді болуы үшін вакцинациямен қамту кем дегенде 95 пайызды құрауы керек. Содан кейін ғана иммундау өз нәтижесін береді және осылайша, жағдай тұрақтана бастайды деп үміттенеміз. Егер вакцинация алуға аз адамдар келсе, онда сәйкесінше, жағдай ұзаққа созылады. Бұл жерде көп нәрсе халықтың жауапкершілігіне және олардың санасына байланысты. Қызылша – өте жұқпалы ауру және бұл оның ерекшелігі. Сондықтан біз, ата-аналарды балаларға қосымша вакцина алуға шақырамыз. Қазір адамдар инфекциядан қорқуды тоқтатты және қызылша күрделі асқынуларға әкелуі мүмкін ауру екенін түсінбейді. Вирус жөтелу, түшкіру, науқаспен тығыз байланыста болған кезде таралады. Бұл жағдайда ол заттардың жоғары қабатында екі сағат бойы белсенді болып қалады. Ауруды тек вакцина арқылы болдырмауға болады», - деді Бейсенова.
Сондай-ақ ол елорда тұрғындарына тұрғылықты мекенжайы бойынша емханадан вакцинация алуға болатынын атап өтті. Жоспарлы вакцинациядан өзге, бұрын-соңды вакцинация алмаған адамдар сырқаттанған адаммен байланыста болған жағдайда шұғыл түрде қызылшаға қарсы екпе алуға мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда науқаспен байланыста болғаннан кейін 72 сағат ішінде жасалуы керек. Вакцинация – бұл өзіңізді және балаларыңызды қызылшадан және оның ауыр асқынуларынан қорғаудың жалғыз мүмкіндігі екенін білу маңызды.