Өңірлік кадрлық резервке іріктеу 5 кезеңнен тұрады

Өңірлік кадрлық резервке іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысы Мақсат Мусин ӨКҚ брифингінде айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Бірінші кезең – құжаттарды қабылдау кезеңі. Бұл кезең 1-31 наурыз аралығында өтеді. Үміткерлер құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz жоба сайтында тапсыра алады.
Қажетті құжаттар тізімі:
1. Қазақстан Республикасы жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі;
2. білімі туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері (шетелдік дипломдардың көшірмелеріне, заңнамада айқындалатын тәртіппен осы құжаттарды тану туралы куәліктердің көшірмелері қоса беріледі);
3. еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес);
4. соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған іріктеу тәртібінің қосымшасына сәйкес нысан бойынша өңірлік резервке кандидаттың қызметтік тізімі;
Анықтама: құжаттарды тапсыру сәтінде жұмыссыз болып саналатын кандидаттар соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады;
5. түсті фотосурет.
Сонымен қатар құжаттарды беру уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне (Астана қаласы бойынша Сарыарқа даңғылы,13, 3 қабат, 304 кабинет мекенжайы бойынша қабылданады) қағаз нұсқада немесе электрондық пошта мекенжайына электрондық түрде тапсырылуы тиіс.
«Жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын тіркеп, ұсынғаннан кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайды. Бір аймақты және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі. Салалық бағыт пен өңірді өзгертуге жол берілмейді. Бір аймақта тұратын үміткерлер басқа аймақтың резервіне қабылдау үшін құжаттарды тапсыра алады. Құжаттар ұсынылғаннан кейін үміткерлерге оларды верификациялау туралы хабарлама келеді. Әрі қарай үміткерлерге жеке кабинетте тестілеу күні мен уақытын таңдау ұсынылады», - деді Мақсат Мусин.
Ал екінші кезеңде үміткерлерге заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу жүргізіледі.
Тестілеу Мемлекеттік басқару академиясының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді.
Бірінші блок. «Заңнаманы білуге арналған тестілеу»:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ);
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (15 сұрақ);
3. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын;
4. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін білуге арналған тестілерді қамтиды.
Тест тапсыруға кандидаттарға 55 минут беріледі.
Екінші кезеңнің бірінші блогы 5-9 сәуір аралығында өтеді.
Екінші блогы «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге» заңнаманы білуге арналған тестілеуді ең жоғары баллмен тапсырған кандидаттардың 50 пайызы өтеді, бірақ 80 кандидаттан аспайды.
Тестілеудің жалпы уақыты – 90 минут. Екінші кезеңнің екінші блогы 13-14 сәуір күндері өтеді.
Тестілеуді сәтті тапсырған кандидаттардың тізімі интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада кандидаттарды келесі кезеңге жіберу туралы шешім қабылданған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде орналастырылады.
Үшінші кезең – «құзыреттерді бағалау» (22 сәуір мен 7 маусым аралығында) Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді.
Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) анықтауға және бағалауға бағытталған әрі топтық және жеке жаттығуларды қамтиды. Мұнда кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.
Спикердің айтуынша, құзыреттілікті бағалау рәсімінің ұзақтығы 6-дан 8 сағатқа дейін созылады.
Төртінші кезең– «комиссиядағы құрылымдық сұхбат». Бұл кезең кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентациялау форматында өткізіледі.
«Сұхбатқа 15-ке жуық кандидат жіберіледі. Презентация 5 слайдтан тұруы керек. Презентация барысында кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, ықтимал мәселелерді, күтілетін нәтижелерді ашуы қажет. Презентацияны қорғау 5 минуттан аспайды. Комиссия кандидаттарды аналитика; білімнің тереңдігі; қарым-қатынас дағдылары критерийлеріне қарай бағалайды. Іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық сұхбат жүргізу кезеңінде өңірлік резервке қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ, БАҚ, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар тартылуы мүмкін», - деді спикер.
Бесінші кезеңде комиссия кандидаттарды резервке қабылдау туралы ұсынады. Өңірлік резервтерге алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланатын болады.
«Әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында жарияланады. Сондай-ақ кандидаттар іріктеуден өту тілін таңдап, әр кезеңнің өту күні мен уақытын таңдай алады. Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл. Сөзімді қорытындылай келе, Астана қаласының жастарын еліміздің даму жолында өз үлестерін қосу үшін өңірлік кадр резервіне белсене қатысуға шақырамын», - деді Мақсат Мусин.
Айта кетсек, өңірлік резервке іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар азаматтар қатыса алады.