Қызылшаның алдын алуда вакцинация шешуші рөл атқарады – Досмырзаева

Қызылшаның алдын алуда вакцинация шешуші рөл атқарады – Досмырзаева

Қазіргі таңда елордадағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева ӨКҚ брифингінде айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қазіргі таңда балалар инфекциялық емханасында 220 бала ем қабылдауда, оның 2-і – жансақтау бөлімінде. Төсек орын жүктемесі 44 пайызды құрайды. Тәулігіне балалар ауруханасына 35-40 бала қызылша ауруы диагнозымен жатқызылады. Қалалық емханаларда 114 бала қызылшадан амбулаториялық ем қабылдауда. Айта кету керек, бұл аурудың алдын алуда вакцинация шешуші рөл атқарады және қоғамдық денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді», - деді Досмырзаева.

Сонымен қатар ол барлық емханаларда 6 айдан 10 ай 29 күн, 2-4 жас аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы қосымша жаппай вакцинациялау әрі қарай жалғасып жатқанын атап өтті.

«Құрметті қала тұрғындары, естеріңізге сала кетейік, Жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және қызылша ауруларына медициналық көмек көрсету үшін емханаларда сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс күндері және демалыс күндері фильтр кабинеттері жұмыс жасайды. Сондықтан сіздер тек стационардың қабылдау бөлмесіне ғана емес, сонымен қатар тіркелген жеріңіздегі емханаға да жүгіне аласыз. Сондай-ақ вакцинация кабинеттері жұмыс күндері сағат 08.00-ден 18.00-ге дейін және демалыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жазылусыз жұмыс істейді. Қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған жағдайда сіз тіркелген орныңыз бойынша емханадан 72 сағат ішінде вакцина ала аласыз. Өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығын сақтауға, сондай-ақ қызылша ауруының алдын алу үшін вакцина алуға шақырамыз!», - деді спикер.

Қызмет бағыты