Елордалық еріктілер коммуналдық қызмет мамандарына қолдау білдірді

Елордалық еріктілер коммуналдық қызмет мамандарына қолдау білдірді

Астанада қардың мол жаууына байланысты қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Осыған байланысты еріктілер күндізгі уақытта қар тазалау жұмысына жұмылдырылған қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Естеріңізге сала кетейік, елордада игі істер марафоны басталды. Акцияның басты мақсаты – еріктілер мен барлық тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету.

Мұндай ізгі іс-шараларды еріктілер қаланың барлық ауданында өткізіп жатыр.

«Бұл бізге ерекше сезім сыйлайды, әсіресе осындай қарбаласқа толы жұмыс күндері. Еріктілерге қолдау көрсеткені үшін алғысымыз шексіз», - деп өз ойымен бөлісті қаланың жол қызметкерлерінің бірі.

Күндізгі ауысымға 1700-ден астам арнайы техника мен 2500-ге жуық жол жұмысшы көшелерді қардан тазартуға шықты. Өткен тәулікте қаладан 61 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл 4389 жүк рейсін құрайды.

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша Астанада 9 қаңтарда жауын-шашынсыз көшпелі бұлт күтіледі. Түнде оңтүстік-шығысқа көшетін жел 9-14, күндіз 5-10 м/с, ауа температурасы түнде – 21-23, күндіз – 19-21 аяз.