Елордада еріктілер көшеде тоңып қалған тұрғындарға бауырсақ пен ыстық шай үлестірді

Елордалық еріктілер аязға қарамастан тоңған астаналықтарға бауырсақ пен ыстық шай үлестірді. Мұндай акциялар жыл сайын ауа райының суытқан уақыттан басталады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада «10 игі іс» ұранымен әлеуметтік қайырымдылық іс-шаралары өтіп жатыр. Басты мақсат – қала мен оның тұрғындары үшін игі іс жасау.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қоғамдық көлік күтіп тұрған жолаушыларға, көшедегі сауда шатырларында сауда жасайтын тұрғындарға және автобус жүргізушілеріне ыстық шай үлестіріп, алғысына бөленді.
Айта кету керек, мұндай акция қыс мезгілінің соңына дейін жалғасады.
«Қаламызда аязды күндері жыл сайын өткізілетін дәстүрлі акциямыз басталды. Акция барысында еріктілер қаламыздың барлық тұрғындарына ыстық шай мен бауырсақтарды тегін үлестіреді. Негізінен халық көп шоғырланған жерлерде және көшеде жұмыс істейтіндерге арналады», - деді ерікті Дэвид Шарипов.
Қала тұрғындары эстафетаға қолдау көрсете алады, сол сияқты ізгілік акциясы аясында өз аккаунттарында #Мейірімдіболуәдет, #Добротаобразжизни #Моднобытьдобрым хэштегімен ақпараттар немесе видеолар жариялай алады.