«ASTANA ARCHIVE FEST»: Астанада халықаралық архившілер форумы өтті

«ASTANA ARCHIVE FEST»: Астанада халықаралық архившілер форумы өтті

Елордада қала әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архивтер, құжаттама және кітап ісі комитетінің қолдауымен «ASTANA ARCHIVE FEST» халықаралық архившілер форумы өтті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және Астананың 25 жылдығына арналды. Оған мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар мен архив ісі саласындағы мамандар қатысты.

Форумның ашылу салтанатында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп бүгінгі жиынның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Елімізде «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заң 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданды.
Бұл құжат ел игілігіндегі құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, асыл мұраларды болашақ ұрпаққа қаз қалпында жеткізуге әрі зерттеуге жасалған маңызды қадам болды. Бүгінгі форум барысында мұрағат саласын цифрландыруды одан әрі дамыту кейіннен практикада қолдануды ескере отырып, ғылыми-практикалық шешімдер қаралады. Бұл ретте алыс және жақын шетел мемлекеттерімен архив ісі саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланатын болады», - деді Сәкен Есіркеп.

Форумға мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай қатысып, архив ісі саласына қатысты заңды әлі де жетілдіру керек екенін айтты.

«Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заң қабылданғанына 25 жыл толды дедік. Бірақ заңды әрқашан жетілдіріп отыру керек, бізге де заман талабына сай өзгерістер қажет. Осындай жиында сала мамандарымен бірлесіп, өзекті мәселелерге назар аудару керек деп ойлаймын.
Сонымен қатар бізде архив ісіндегі материалдық-техникалық жағдайды жақсарту мәселесі әлі де өзекті. Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры әрбір облысымызда құрылса деп ойлаймын.
Өйткені ол жазбалар ертең болашаққа қызмет етеді», - деді Дархан Мыңбай.

Форум барысында архив ісін дамыту және жаңғырту, архив құжаттарын электрондық-цифрлық форматқа көшіру, архив құжаттарына қолжетімділік мәселесі және жоғары мамандандырылған кадрларды даярлау мәселелері талқыланды.