Жұмысқа орналастыру: Астанада қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

Жұмысқа орналастыру: Астанада қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

Астанада жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру бойынша қандай шаруалар атқарылып жатыр? Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров осы мақсатта атқарылып жатқан жобалар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Оның айтуынша жұмыс мамандықтарын танымал ету мақсатында «Үздік» жобасы іске асырылуда. Бұл уақытқа дейін «Үздік тігінші», «Үздік ағаш ұстасы» байқаулары бойынша жеңімпаздар анықталды. Алдағы уақытта басқа да мамандықтар бойынша байқаулар өтетін болады.

«Жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде жұмыспен қамту саласындағы бағдарламалар мен жобалар туралы жастарды кеңінен ақпараттандыру мақсатында ақпараттық буклеттер таратылады.

Жастарға қызмет көрсету орталықтары және «Баршаға мүмкіндік» модульдік пунктері бар. Бұл пунктерде елорда тұрғындары жұмыс және цифрлық дағдыларды игеру бойынша тегін кеңес, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады, «Freelance мүмкіндік» жобасына жазылуға болады.

Бұл жоба – қазіргі таңда әлемде және Қазақстанда сұранысқа ие цифрлық дағдыларға оқытуды ұсынатын жоба. Олар: таргетолог, SMM, видеограф, маркетплейс, мобилограф, графикалық дизайнер және веб-дизайнер (сайттарды әзірлеу)», - дейді басқарма басшысы Қайрат Қамбаров
Сөзін жалғай отырып, өз саласында 6 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар, сонымен қатар Kaspi.kz, BI Group, Atameken, KazDream және т.б. жетекші компаниялармен жұмыс істеген, тәжірибелері бар курс оқытушыларымен келісімшарт жасалатынын қозғап өтті.

«Сонымен қатар, курс студенттерінің BS Company, PR Agency, Мир керамики, NV Clinic және т.б. компанияларда тағылымдамадан өту және жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі таңда бірінші топ оқуын бастап кетті – 177 адам оқытылуда. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар сертификаттар алады, ал олардың кандидатуралары «JUMYS TAP» Telegram-ботында тегін жарнамаланатын болады. Бұл шаралар «JOLTAP» жобасы аясында өткізілуде және оқыту толықтай тегін өтеді», - деді ведомство басшысы.

Сөз соңында «Еңбек мобильділігі орталығымен» бірге жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны, сол сияқты ары қарай да жалғасын табатынын жеткізді.